Қазақстандық таеквондошы Батырхан Төлеуғали Қытайдың Тайань қаласында өтіп жатқан лицензиялық жарыста Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің Telegram-дағы ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
80 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Батырхан Төлеуғали турнирдегі алғашқы жекпе-жегінде Акшай Худаны (Үндістан) 2:0 есебімен ұтқан еді. Ал жартылай финалда Сауд Арабиясының таеквондошысы Әли Мабрук әл-Мабруктен басым түсіп, Париж Олимпиадасының лицензиясына қол жеткізді.
Осылайша, 17 жастағы спортшы өзінің тұңғыш Олимпиадасына жолдама алды. Батырхан – жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері, Спартакиада чемпионы.
Ертең, 16 наурызда лицензиялық жарысқа Қазақстан таеквондо құрамасынан Самирхон Абабакиров (58 кг), Мария Севостьянова (57 келі), Жансель Дениз (+67 келі) шығады. Олимпиада жолдамасы сарапқа салынып жатқан бәсекеге 33 мемлекеттен келген 96 таеквондошы қатысып жатыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2068950-resmi-17-zastagy-qazaqstandyq-taekvandosy-olimpiada-zoldamasyn-zenip-aldy/