Қазақстанда көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы құрылды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Асық спорты федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Аталған федерация 12 наурызда Астанада тіркелді. Бұл ұйымның президенті болып Парламент Мәжілісінің депутаты Олжас Құспеков сайланды.
Бүгінде көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясына мүшелікке кіруге Қазақстан, Түркия, Румыния, Моңғолия, Саха Республикасы (РФ) және Қырғызстан өтініш берді. Биыл Мажарстан, Өзбекстан, Қытай Халық Республикасын және Испанияны мүшелікке алу жоспарланып отыр.
Көшпенділердің асық спорты халықаралық федерациясы биыл төмендегі міндеттерді атқармақ:
- Федерацияны Дүниежүзілік Энтоспорт қауымдастығына мүшелікке кіргізу;
- Асық ату спортын халықаралық деңгейде дамыту үшін демеушілер тарту;
- Асық ату спортының тарихын тереңірек зерттеу;
- Асық ату спортының адам ағзасына пайдасын медициналық зерттеу;
- Асық ату спортының жаңа қағидасын даярлап, бекіту;
- Асық ату спортының құрал-жабдық стандарттарын бекіту;
- V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық (қатысушы елдер санын көбейту);
- Тұңғыш Әлем чемпионатына дайындық.
Айта кетейік, 2010 жылы 4 қазанда Қазақстанда республикалық асық ату федерациясы ашылған еді. 2011 жылы "Асық ату" ойын ережесі Қазақстан Республикасы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының Президентімен келісіліп, Қазақстан Республикасы туризм және спорт министрілігі, спорт комитетімен бекітілді.
2017 жылы асық ойыны ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра ретінде ЮНЕСКО-ның қорғау тізіміне кірді. 2018 жылы 18 мамырда асық ату республикалық федерациясы ұлттық спорт түрі федерациясы ретінде ұлттық Олимпиада комитетімен танылды.
Ел бойынша Шығыс Қазақстан облысынан басқа барлық аймақта асық спортынан командалар бар және жұмысы жолға қойылған. Бүгінгі таңда асық атудан 1122 жаттықтырушы жұмыс істеуде, оның ішінде 84-і штаттағы жаттықтырушылар. Асық ату спортымен қазіргі таңда 89 432 спортшы жүйелі түрде айналасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2070006-qazaqstanda-asyq-sporty-xalyqaralyq-federaciyasy-asyldy/