Маңғыстаулық көпбалалы ана Мақпал Қаржаубаева 16 келілік гір тасын 20 мәрте көтерді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығының Facebook желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Қарақия ауданы Сенек ауылында Наурыз мейрамын тойлау аясында ұлттық спорт түрлері бойынша сайыс ұйымдастырылған. Гір тасын көтеру жарысына қатысу үшін іргелес ауылдар мен елді мекендерден де ересектер, әсіресе, әйел адамдар келіпті.
Құланды ауылының тұрғыны көпбалалы ана Мақпал Қаржаубаева 16 келілік гір тасын 20 мәрте көтеріп, көпшілікті қажыр-қайратымен сүйсінтті.
"Әлеуметтік желі қолданушылары бейнежазбаның басты кейіпкеріне қошемет сөзін жаудырды. "Маңғыстаудың келіндері жасасын!", "Жеменейлер, алға!" сынды қолдау сөздерін толассыз жазып жатыр", – делінген Маңғыстау облысы Қоғамдық коммуникация орталығының жазбасында.
Мақпал Қаржаубаева перзенттерін де спортқа баулитын көрінеді. Оның балалары — дзюдодан облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегерлері.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2070018-mangystaulyq-kopbalaly-ana-16-kelilik-gir-tasyn-20-marte-koterdi-video/