Қытайдың Тайань қаласында өткен таеквондодан лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алған Батырхан Төлеуғали шешуші жекпе-жегі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
17 жастағы Батырхан Төлеуғали жарыстың жартылай финалында Сауд Арабиясының таеквондошысы Әли Мабрук әл-Мабруктен басым түскен еді. Осылайша алғашқы Олимпиадасына жолдама алды.
"Мен шешуші жекпе-жек алдында қарсыласымның көзінен қорқыныш көрдім. Оның өзіне сенімді емес екенін түсіндім. Осыдан менің көңіл-күйім одан сайын көтерілді. Нәтижесінде лицензия жеңіп алдым. Мен ата-анамды, бапкерімді және жанкүйерлерімді қуанттым деп ойлаймын. Шынымды айтсам, Парижге баратыныма нық сенімді болдым.
Менің үлкен спорттағы мансабым енді басталып жатыр. Әлі тәжірибем аз, бірақ дағдыларымды жетілдіруге бар күшімді саламын. Олимпиада алдында біз дайындыққа көбірек көңіл бөлеміз. Жолдама алған соң біраз шабыттандым", – деді Батырхан.
Айта кетейік, Батырханнан бөлек, тағы бір қазақстандық таеквондошы Самирхон Абабакиров та Париж Олимпиадасына лицензия иеленді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2070324-qarsylasymnyn-kozinen-qorqynys-kordim-qazaqstandyq-sportsy-olimpiada-licenziyasyn-qalai-zenip-alganyn-aitty/