Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ол маған кимоносын берді": қазақстандық спортшы қарсыласының арқасында чемпион атанғанын айтты

Жарияланған күні:

Гүлжан Нақыпова
Гүлжан Нақыпова. Фото: instagram.com/g_nakipova

Испанияда тұратын қазақстандық спортшы, джиу-джитсудан екі дүркін әлем чемпионы Гүлжан Нақыпова қарсыласының кимоносын киіп жеңімпаз атанғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Гүлжан Нақыпованың Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазақстандық спортшының айтуынша, оқиға АҚШ-та өткен жарыстардың бірінде болған.

"Мен салмақ өлшеу рәсімінен өтіп жатқанмын. Сол кезде комиссия басшысы келіп, менің кимоном талапқа сай болмаған соң жарысқа қатыса алмайтынымды айтты. Бірақ дәл осы кимономен басқа чемпионаттарда бақ сынаған едім. Ол маған басқасын киюге бес минут уақыт беретінін айтты. Ал менде қосымша кимоно жоқ, қонақ үйге дейін жарты сағат жүруім керек. Жақын маңда да жаңасы сатылмайды екен. Жанымда америкалық қарсыласым тұрған. Мен оған қарап жымиып, сәттілік тілеп, кетуге ыңғайландым. Бірақ ол мені тоқтатып, көлігінде артық кимоно бар екенін және күйеуі әкеліп беретінін айтты. Оның күйеуі 3 минутта қара кимоно әкеліп берді. Мен сол жерде киімімді ауыстырып, бір минуттан кейін татамиге шықтық", – деді Гүлжан Нақыпова.

Гүлжан сол жекпе-жекте жеңіске жетіп, өз салмағындағы және абсолютті категориядағы чемпион атанған.

"Мұның бәрі америкалық қарсыласымның арқасы. Жекпе-жек аяқталған соң мен оған бұл сенің арқаңда дедім. Бірақ ол "жоқ, сен чемпион атануға лайық болдың. Менің орнымда кім болса да осылай істер еді" деді. Оның орнында басқа біреу болса не істейтінін білмеймін. Бірақ бұл жағдай әлі де жаныма жылу сыйлайды. Біз қазірдің өзінде араласып тұрамыз", – деді қазақстандық спортшы.

Гүлжан Нақыповаға сол жекпе-жекте көмектескен қарсыласының аты-жөні Ребекка Пейс екен. Ол Нақыпованың жазбасының астына пікір қалдырды.

"Мен де бұл оқиғаны ешқашан ұмытпаймын! Кимоно сияқты қарапайым нәрсе үшін жекпе-жекке шыға алмайтыныңа қарап тұра алмадым. Мен сенің ұзақ жолдан өткеніңді білдім, сондықтан көмектесуім керек деп шештім. Саған және сенің отбасыңа жақсылық тілеймін!", – деп жазды Ребекка Пейс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2070633-ol-magan-kimonosyn-berdi-qazaqstandyq-sportsy-qarsylasynyn-arqasynda-cempion-atanganyn-aitty/