Белгілі спорт журналисі және комментатор Есей Жеңісұлы футболдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алса, шашын көк түске бояуға келісті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Коммент.Шоу Казахстан Youtube арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Коммент.Live бағдарламасының эфирінде журналист Әлімжан Асқар комментатор Есей Жеңісұлынан "Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына жолдама алып жатса, сізден қандай жанкештілік күтуге болады?" деп сұрады. Ал Есей Жеңісұлы бұл жайлы ойланып көрмегенін айтты. Сол сәтте спорт журналисі Дидар Есемов шашын көк түске бояуды ұсынды. Жеңісұлы бұған келісім берді.
Сондай-ақ бағдарлама жүргізушісі Әлімжан Асқар ұлттық құрама Еуро-2024 турниріне өтетін болса, шашын сары мен көк түске, ал бағдарлама қонағының бірі Ербол Қаиров шашын сары түске бояйтын болды. Ал Дидар Есемов Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатына қатысса, сол турнир аяқталғанша арықтайтынын айтты.
Айта кетейік, футболдан Қазақстан құрамасы 21 наурыздан 22 наурызға қараған түні Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Грекияға қарсы ойын өткізеді. Матч сағат 00:45-те басталады және "Qazsport", "Qazaqstan" телеарналарында тікелей эфирде көрсетіледі. Осы ойында Қазақстан құрамасы жеңсе, Грузия – Люксембург жұбының жеңімпазымен 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдаманы сарапқа салады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2070936-esei-zenisuly-sasyn-kok-tuske-boyauga-bastesti/