Футболдан 2006 жылы өткен Әлем чемпионатының жеңімпазы, Италия ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Марко Матерацци Геннадий Головкиннің Ұлттық Олимпиадалық комитеттің басшысы болып сайлануына қатысты ойын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Бұл қуанышты жағдай деп ойлаймын. Себебі өзі чемпион болған спортшы жүйені толық түсінеді. Спорттың қыр-сырын жақсы біледі. Спорт саласына тек жақсы өзгерістер алып келеді деген ойдамын", – деді Марко Матерацци.
Айта кетейік, 26 ақпанда Астанада Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитетінің Бас Ассамблеясының отырысы өтті. Сол отырыста Геннадий Головкин ҰОК-нің жаңа президенті болып сайланған еді. Бас Ассамблея мүшелері оның кандидатурасын бір ауыздан қолдады. 2015 жылдан бері бұл қызметті Тимур Құлыбаев атқарды.
Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуірде Қарағанды қаласында дүниеге келген. Ол әуесқой бокстағы мансабында Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атанды (Aфина, 2004 жыл) және әлем чемпионы болды (Бангкок, 2003 жыл).
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2075355-buryngy-futbolsy-marko-materacci-golovkinnin-lauazymdy-qyzmetke-otyruyna-qatysty-oiyn-aitty/