Қазақстандық пара спортшы Темірхан Дайырбек Париж-2024 Паралимпиада ойындарына лицензия ұтып алды, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі Telegram арнасында.
21 сәуірде қазақстандық пара спортшы Темірхан Дайырбек академиялық ескек есуден Азия чемпионатында жеңіске жетіп, Париж-2024 Паралимпиада ойындарының лицензиясына ие болды. Чемпионат 18-21 сәуір аралығында Оңтүстік Кореяның Чунджа қаласында өткен.
"Темірхан PR1m1X академиялық ескек есуден 2000 м қашықтықты 9 минут 38.81 секундта өтіп, бірінші орынға ие болды.
Екінші орынды 9:40.52 нәтижесімен Жапондық спортшы Мори Такуиа иеленді, ал үшінші орынға 10:01.15. уақытымен Шри-Ланканың спортшысы Приамал Джакоди қол жеткізді", - деп жазды министрлік.
Министрлік ақпараты бойынша, Темірхан Дайырбек 2004 жылы туылған. Ол Түркістан облысының спортшысы. Пара академиялық ескек есумен тек 1 жыл кәсіби тұрғыда айналасып келеді. Темірханның жеке жаттықтырушысы Фаррух Хамракулов.
"Бұл қазақстандық спортшылардың Париж-2024 Паралимпиада ойындарына ұтып алған 12-ші лицензиясы. Бұған дейін пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев, пара каноэдан Бибарыс Спатай, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков,пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, волейболды отырып ойнаудан ұлттық құрама командасы, пара жүзуден 3 лицензия және пара таеквондодан Камиля Досмалова, Нышан Омирали және Нұрлан Домбаев алған болатын", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ министрлік өкілдері 17-ші жазғы Паралимпиада ойындары биыл Парижде 28-ші тамыз бен 8-ші қыркүйек аралығында өтетінін мәлімдеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2088500-qazaqstandyq-para-sportsy-pariz-2024-paralimpiada-oiyndaryna-licenziyaga-ie-boldy/