Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Бабаларымыздың еңбегі далаға кетуге шақ тұр": қазақы жылқының тұқымы көбейтілетін болды

Жарияланған күні:

Жылқы
Жылқылар. Көрнекі фото: pixabay.com

ҚР Парламенті мәжілісі жалпы отырыста спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша түзетулерді қабылдады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мәжілістің Telegram желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Айдарбек Қожаназаров мәжілістің жалпы отырысында спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту туралы заң жобасы бойынша баяндама жасады. Заң жобасы парламенттің бір топ депутатының бастамасымен әзірленген. Жобаның басты мақсаты – мемлекеттік қолдау көрсету арқылы отандық спорт бағытындағы жылқы тұқымын қалпына келтіру және асыл тұқымдық қасиеттерін жақсарту.

"Атап өту керек, Қостанай тұқымы – 70 жылға созылған ғылыми зерттеудің нәтижесінде шығарылған, мамандандырылған, спорттық бағыттағы және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту үшін кеңінен қолданылатын қазақтың шабандоз тұқымы, қазақтың ұлттық қазынасы. 1969 жылы елімізде 44 мыңнан астам Қостанай жылқы тұқымы тіркелген болатын. Яғни, барлық асыл тұқымды жылқылардың жалпы санының 10 пайызы. Алайда бүгінде осы жылқы тұқымының ресми тіркелген саны 270 бастан аспайды. Ал адай жылқы тұқымының 1300 басы тіркелген. Егер спорттық мақсатта пайдаланылатын отандық жылқы тұқымдарын сақтау мен көбейту бойынша бір құжат қабылдамасақ, бабаларымыздың, ғалымдарымыздың көп жылдық еңбегі далаға кетуге шақ тұр. Құжат дегенім ол – заңнамалық іс-шаралар", - деді Айдарбек Қожаназаров.

Қожаназаровтың баяндауынша, 2014 жылы тұқымды дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтатылғаннан кейін, Қостанай жылқыларының саны күрт азайып, қазір жойылу алдында тұр.

"Бұл жағдай ұлттық ат түрлерін дамытудың негізгі тежеуші факторларының бірі болып отыр. Осыған байланысты парламент депутаттарымен отандық жылқы тұқымын сақтау мен өсімін молайтуға бағытталған заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылданды. Заң жобасымен асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы және селекциялық жетістіктерді қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына түзетулер енгізіледі", - деді Қожаназаров.

Заңнамалық түзетулер спорттық бағыттағы асыл тұқымды жылқы тұқымын сақтауға және өсімін молайтуға бағытталған келесі іс-шараларды көздемек: асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорт бағытындағы асыл тұқымды айғырларды сатып алу; асыл тұқымды аналық мал басы мен селекциялық асыл тұқымды жұмыс жүргізу; оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу.

"Аталған қолдау тетіктері отандық спорттық бағыттағы жылқы тұқымдарын дамытуға жағдай жасап, бәйге, көкпар, аударыспақ, жамбы ату, теңге алу сынды ұлттық ат спорты түрлерін бұқаралық дамытуға ықпал етеді деп сенеміз", - деді Аграрлық мәселелер комитетінің мүшесі Айдарбек Қожаназаров.

Мәжіліс жалпы отырыста аталған түзетулерді қабылдады. Мақсат – қостанайлық жылқы тұқымының тектік қорын сақтау, оның асыл тұқымды қасиеттерін жақсарту және мал басын ұлғайту үшін селекциялық, асылдандыру жұмысын жүргізу.

"Осы мақсатта "асыл тұқымды жануар" және "тұқым стандарты" ұғымдарына өзгерістер енгізіледі. Жылқылардың жұмысқа қабілеттілігі, ептілігі, төзімділігі секілді пайдалы қасиеттері тұқым стандартына жатқызылады. Бұдан басқа түзетулерде асыл тұқымды орталықтардың шетелдік селекцияның спорттық бағыттағы асыл тұқымды айғырларын сатып алуы, асыл тұқымды аналық мал басымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізу, оларды ұстау бойынша шығындарды өтеу көзделген", - делінген Мәжілістің Telegram-дағы арнасында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2104890-sporttyq-bagyttagy-zhylqylardyng-qazaqy-tuqymy-kobeitiledi/