Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақстандық зілтеміршіге Лондон Олимпиадасының күміс медалі табысталды

Жарияланған күні:

Анна Нұрмұхамбетова
Анна Нұрмұхамбетова. Фото: olympic.kz

Қазақстандық зілтемірші Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының күміс жүлдесіне ие болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиада комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Аннаға Олимпиада медалі Лимада (Перу) өтіп жатқан ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында салтанатты түрде табысталды. Спортшы марапатты Халықаралық Олимпиада комитетінің құрметті мүшесі Иван Дибостың қолынан алды.

"Перудегі әлем чемпионатына келгенімен қуаныштымын. Маған Олимпиада медалін табыстады. Қазіргі сезімдерімді сөзбен жеткізу қиын. Федерацияға, мені марапаттаған ХОК мүшесіне алғыс айтамын. 2012 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері атанғаныма  қуаныштымын. Бұл менің мансабымдағы ең үлкен жеңіс. Жүлде табыстау сәтін ұйымдастырғаны үшін көп рахмет. Жас спортшыларға табыс, төзім және сәттілік тілеймін", - деді Анна. 

Айта кетейік, Лондон Олимпиадасында қазақстандық зілтемірші 69 килограмға дейінгі салмақта бесінші орын алған еді. Алайда тексеруден кейін марапаттар қайта бөлінді. Марина Шкерманкова мен Дина Сазановецтің тыйым салынған препараттар қолданғаны анықталды. Олардың нәтижелері жойылып, Нұрмұхамбетова ресми түрде Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанды.

Ал 2020 жылы Лондон Олимпиадасының екінші орын иегері румын спортшысы Роксана Кокоштың сынамасынан да допинг табылғаны белгілі болды. Ол күміс жүлдесінен айырылды және Лондонда көрсеткен нәтижесі жойылды.

Жүлделерді қайта бөлгеннен кейін Анна Нұрмұхамбетова 2012 жылғы Олимпиада ойындарының күмісіне қол жеткізді. Қола медаль колумбиялық Убальдина Валлеске бұйырды.

Анна Нұрмұхамбетоваға берілген Олимпиада медалі
Анна Нұрмұхамбетоваға берілген Олимпиада медалі. Фото: olympic.kz

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның бірнеше спортшысы марапаттарды қайта бөлуден кейін Олимпиада медальдарына ие болған еді. Зілтемірші Денис Уланов ресми түрде 2016 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Ал зілтемірші Алла Важенина араға біршама уақыт салып 2008 жылғы Ойындардың чемпионы ретінде танылды.

Допинг-сынамаларды қайта тексергеннен кейін қазақстандық грек-рим күресінің шебері Нұрбақыт Теңізбаев 2008 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдесіне ие болды.

2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында төртінші орын алған жеңіл атлет Ольга Рыпакова барлық тексерулерден кейін күміс жүлдегер атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2106786-qazaqstandyq-ziltemirshige-london-olimpiadasynyng-kumis-medali-tabystaldy/