Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Әулеттің ерке келінімін": бокс пен отбасыны тең ұстаған бес баланың анасы жан сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Әйгерім Сәттібаева
Әйгерім Сәттібаева. Фото: instagram/aigerimaskarova91

12-18 мамыр аралығында Астана қаласында боксшылар арасында "Елорда кубогы" өтті. Халықаралық бәсекеге еліміздің және шетелдің бірқатар боксшылары қатысып, өзара мықтыны анықтаған болатын. Соның ішінде бес баланың анасы, әлеуметтік желіде жұбайының жанашырлықпен секундант болып тұрған ерекше видеосы тараған Әйгерім Сәттібаева да 48 кг дәрежесіне өнер көрсетіп, 3-орын иеленген еді. Осыған байланысты KAZ.NUR.KZ тілшісі былғары қолғап шебері Әйгерім Сәттібаевамен тілдесіп, спорттық мансабы жайлы сұқбат құрды.

– "Елорда кубогы" турнирі кезінде жолдасыңыз, боксшы Олжас Сәттібаевтың сізге секундант болып тұрған видеосы әлеуметтік желіде кең таралып, көпшіліктің көңіліне жылы тиген болатын. Өзіңіз бұл видеоны көргенде қалай қабылдадыңыз?

– Жолдасым Олжастың маған секундант болып тұрған Қазақстан бокс федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланған бұл видеоны көп адам көріп, жақсы пікірлер қалдырып кетіпті. Бізге де жылы лебіздерін білдіріп жатқан жандар жетерлік. Расында өзіміз де осы видеоны тамашалаған кезде қызық көрінді.

– Видеоға мән беретін болсақ, жолдасыңыз сіздің спорт мансабыңызға жанашырлықпен қарайтын сияқты...

– Иә, ол кісі өзі бокспен кәсіби тұрғыда айналысқандықтан мені толыққанды түсінді. Алайда тұрмыс құрып, балалы болғаннан кейін бокспен айналысуды тоқтатуға тура келді. 19 жасымда бокстан қол үзіп қалдым. Сонда да, ішімде "боксты ерте қойып кеттім, қабілет-қарымым әлі біразға дейін жететін еді" деген ой жүрді. Тіпті жолдасыма да осы мәселе туралы айтқаным бар. Сөйтіп, бесінші перзентімді дүниеге әкелгеннен кейін, Жамбыл облысында қыздар боксында жаттықтырушы болып жүрдім. Осы кезде Олжасқа: "Кезінде біз бокспен айналысып жүргенде, Жамбыл облысының қыздар боксының нәтижесі жақсы еді. Үнемі жүлделі орындарға таласатынбыз. Соны қайтадан жандандыруымыз қажет" деп айтып едім, жолдасым бірден қолдады. Бұл ойымды құптады.

– Сәл шегініс жасап, спорт мансабыңыздың басталуы, боксқа жасаған алғашқы қадамдарыңыз турасында баяндап берсеңіз.

– Боксқа деген алғашқы қадамым 2004 жылы басталған. Өзім Тараз қаласының тумасы болғаннан кейін, сол аймақтың бокс мектебінен өттім. Сол 2004 жылы Афинада өткен Жазғы Олимпиада ойындарында қазақ халқының мерейін үстем еткен Бақтияр Артаев ағамыздың жекпе-жегін тамашалап, боксқа деген ішкі қызығушылығым арта түсті. Ол кезде небәрі 11 жастамын. 11 жастағы қыз баланың ой-арманы бокс әлемінде қалықтап жүрді деп айтуға болады. Ал осы бір қызығушылығымның одан әрі жандануына әкемнің үлесі көп. Кішкене күнімнен менің спортқа деген көзқарасымды түзеген, бокстың әліппесін үйреткен әкем болатын. "Бақтияр Артаев сияқты Олимпиада чемпионы боласың" деген қуатты сөзі әлі күнге дейін есімнен кетпейді.

– Қазіргі уақытта бес баланың анасысыз. Бала тәрбиесі мен спортты алып жүру екінің бірінің қолынан келе бермейді.

– Иә, әрине, бала тәрбиесі мен спортты қатар алып жүру оңай емес. Бүгінде 4 қыз, 1 ұлымыз бар. Тұңғышымыз 8-сынып оқыса, кенжеміз 5 жаста. Балалар да өсіп қалды, үш баламыз мектепке барады. Бастапқы уақытқа қарағанда, қазір жеңілірек. Үй шаруасымен қатар бүгінде Тараз қаласындағы қыздар боксында жаттықтырушы болып қызмет атқарып жүрмін. Спортты бала күнімізден бері сүйіп, ерекше ықыласпен айналысқаннан кейін, отбасыға да, боксқа да, бала тәрбиесіне де үлгеруге тырысамыз. Сондай-ақ 10 жасар ұлымыз қазіргі таңда бокспен шұғылданып жүр. Әкесі де арнайы жаттығулар жасатып, ұлымызды осы бағытта баулуда. Ал қыздарымыздың қарым-қабілеті өнерге жақын, ән айту, актерлік шеберлік секілді бағыттарға қызығады.

– Көп ата-ене келіндерінің спортпен айналысып жүргенін құптай бермейді. Ал сіздің ата-енеңіздің пікірі қандай?

– Қайын атам спортты жақсы көреді. Біздің әрбір қадамымызға, жетістігімізге тілеулес. Ата-енем әрдайым өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, тіпті мені келіндік міндетімінен де босатып: "Сен жаттығуыңды жаса, басқа нәрсеге алаңдама" деп үлкен қолдау көрсетеді. Ол кісілерге алғысым шексіз. Туған-туыстарымыз да "келініміз чемпион" деп мерейімді тасытып жүреді. Бір сөзбен айтсам, әулеттің ерке келінімін!

– Алтын уақытыңызды бөліп, сұқбат бергеніңізге көп рақмет.

Материал авторы: Ахмет Қамшыбек

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2106957-auletting-erke-kelinimin-boks-pen-otbasyny-teng-ustagan-bes-balanyng-anasy-zhan-syryn-aqtardy/