Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Менің көшуіме бокс қана себеп емес": Өзбекстанда туған қазақ боксшысы ашық сұхбат берді

Жарияланған күні:

Аман Қонысбеков
Аман Қонысбеков. Фото: instagram.com/amankonsbekov

19 жастағы Аман Қонысбеков Өзбекстаннан көшіп келді. Осыған дейін көрші елдің атынан шықса, биылдан бастап Қазақстанның намысын қорғауға шешім қабылдады. Ал атамекеніне оралған бойда халықаралық турнирде жүлдегер атанды. Sputnik Қазақстанға сұхбат берген жас спортшы Өзбекстаннан не себепті кетіп қалғанын айтып, алдағы жоспарын бөлісті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Аман Қонысбеков Өзбекстанның Навои облысында дүниеге келген. Отбасында төрт бала бар. Әкесі – көлік жүргізуші. Анасы жергілікті емханада медбике болып істейді.

"Біз үйде төрт ағайындымыз, екі әпкем, бір ағам бар, кенжесі – мен. Екі әпкем тұрмыста, ағам да көлік жүргізуші. Олар Өзбекстанда, ауылда қалды. Бізде екі-үш жылдан бері көшеміз деген ой болған. Қазақстанның қай облысына баратынымызды да талай рет талқыладық. Енді көшті мен бастап тұрмын ғой. Осында жағдайды жасап алғаннан кейін үйдегілерді көшіріп алуым керек. Бұл – негізгі мақсатым", - деді спортшы.

Жас боксшының талантын байқаған Қазақстандағы туысқан ағасы оған демеу болып, атамекеніне тездетіп көшуіне ықпал еткен.

"Бұл жақта (Қазақстанда) Исатай Ізбасаров деген туысқан ағам бар. Сол кісі менің демеушім, осында алып келді, өз үйіне алды. Барлық жағдайымды жасап берді. Жалғыз өзім келсем, не жұмыс істеу керек, не бокспен айналысу қажет болушы еді. Ал екеуін бірге алып жүру қиын. Исатай ағам бапкерге де алып барды. Қазір Түркістан облысының атынан шығып жүрмін.

Менің көшуіме бокс қана себеп емес. Туыстардың ішінде Өзбекстанда біз ғана қалдық, барлығы Қазақстанда. Бізге де көшу керек дедім. Сөйтіп, ол жақтағы бапкерлерім келісті, батасын да берді. Ал Қазақстанның ұлттық құрамасында мені өте жақсы қабылдады. Ауызбіршілік сезіледі, сыйластық мол. Мені бөліп жарған жоқ, бірден бауырымыз келді деп, жақын тартты", - деп атап өтті Қонысбеков.

Аман Қонысбеков алдымен Қазақстан чемпионатында топ жаруды жоспарлап отыр.

"71 келі ең үздік салмақ қой, ол жерде бәсеке жоғары. Енді бәрі Алланың қалауымен ғой, барымызды салып бокстасамыз. Маңдайымызға жазылған болса, жеңіп шығамыз. Негізі менің стилім кәсіби боксқа көбірек келеді. Соған ауысатын ойым бар. Бірақ алдымен әлем чемпионаттары мен Олимпиаданы алу керек. 2028 жылғы Лос-Анжелес Олимпиадасына баруға тырысамыз", - деді Аман.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2107431-mening-koshuime-boks-qana-sebep-emes-ozbekstanda-tugan-qazaq-boksshysy-ashyq-suhbat-berdi/