Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Тарихи атауын қалпына келтіру шараларын қолға алу қажет": депутаттар тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуді ұсынды

Жарияланған күні:

Тоғызқұмалақ ойыны
Тоғызқұмалақ ойнаған балалар. Көрнекі сурет: ultsport.kz

Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова тоғызқұмалақ ойынының атауын өзгертуді ұсынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ мәжілістің Telegram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.

Гүлдара Нұрымованың сөзінше, мемлекет басшысы биыл елімізде өтетін ауқымды шараның бірі V Дүниежүзілік көшпенділер ойынын жоғары деңгейде сапалы ұйымдастыруды тапсырған.

"Осыған орай аталған ойынды өткізу қарсаңында аса маңызды бір мәселенің басын ашуды жөн санаймыз. Ол – тоғызқұмалақ спортының атауы. Әрине, тоғызқұмалақ зияткерлік ойыны – түркі халықтарының ортақ мұрасы, тарихи құндылығы мен ақыл-ой мәдениетінің көрсеткіші. Бұл ойын соңғы жылдары барынша жоғары деңгейде дамып, дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясы құрылып, әлемге танымал болды. 2020 жылы халықаралық ЮНЕСКО ұйымы тоғызқұмалақты адамзаттың мәдени мұралар тізіміне қосты. Бүгінде тоғызқұмалақтың екі атауы бар", - деді Нұрымова премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттың айтуынша, Қазақстан тарапы халықаралық жарыс өткізгенде бұл спорт "тоғызқұмалақ", ал Қырғызстан жағы жарыс ұйымдастырғанда бұл ойын "тоғызкөргөл" деп аталады.

"Осылайша, аталған спорт түрі әлемдік аренада екі түрлі атаумен жұртшылықты шатастырады. Ғалымдар, этнографтар және зерттеушілердің пікірі бойынша, XIX ғасырда бұл ойынның жалпытүркілік атауы "тоғызат" болған. Тоғызқұмалақтың атауы әуелден "тоғызат" екенін білдіретін ойын тақтасындағы қазақша, қырғызша, қарақалпақша, ноғайша атаулары да көрсетіледі. Бүгінде қазақ, қырғыз халықтары сақтап, дамытып келген көшпенділердің түркілік этномәдени ойыны спорттық қана емес, адамзаттық құндылыққа айналып отыр.

Алайда асыл спорттың одан әрі кең таралуына бөгет болып отырған кедергіні ескере отырып, алдағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына дейін жалпытүркілік бұл зияткерлік спорттың атауын ортақ нұсқамен, тарихи "тоғызат" атауын қалпына келтіру шараларын қолға алу қажет. Бұл спорттың алға басуына жол ашып, әлемдік назар аудартатын еліміздің лайықты бренді болары күмәнсіз", - деді Гүлдара Нұрымова.

Айта кетейік, V Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Астанада 8-14 қыркүйек аралығында өтеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2108823-deputat-togyzqumalaq-oiynynyng-atauyn-ozgertudi-usyndy/