Әйелдер теннис қауымдастығы (WTA) әлемдік рейтингтің жаңартылған тізімін жариялады. Бұл рейтингте отандасымыз Юлия Путинцева 7 сатыға жоғарылады, деп KAZ.NUR.KZ әйелдер теннис қауымдастығының (WTA) ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазақстандық теннисшілер арасында ең жоғары рейтингте Елена Рыбакина тұр. Берлинде (Германия) өткен WTA 500 турнирінің ширек финалында Беларусь елінің спортшысы Виктория Азаренкоға қарсы матчты жалғастыра алмаған Қазақстанның үздік теннисшісі Елена Рыбакина осы сәтсіздігіне қарамастан, 4-орынды сақтап қалды. Оның еншісінде – 6026 ұпай.
Дегенмен тағы бір қазақстандық теннисші Юлия Путинцева рейтингте бірден 7 сатыға жоғарылап, 34-орынға жайғасты. Ол күні кеше Бирмингемде (Ұлыбритания) өткен WTA 250 додасында жеңімпаз атанған болатын. Ақтық сында жерлесіміз Аустралия елінің теннисшісі Айла Томляновичтен 6:1, 7:6 есебімен басым түсті. Қазіргі уақытта отандасымыздың еншісінде – 1553 ұпай.
Ал рейтингтің алғашқы үштігі өзгеріссіз қалып отыр.
- Ига Швентек (Польша) – 11695 ұпай;
- Кори Гауфф (АҚШ) – 8128 ұпай;
- Арина Соболенко (Беларусь) – 7841 ұпай.
Ал жұптық сында көрсетілген рейтингте Қазақстанның үздігі саналатын Анна Данилина 53-орынға тұрақтаған. Оның еншісінде – 1696 ұпай.
Жұптық рейтингті әлі де бельгиялық Элиза Мертенс (7850 ұпай) тізгіндеп келеді. Бірақ Хсие Су Вэй (7215 ұпай) мен Эрин Рутлиф (7080 ұпай) тағы да орын ауыстырды, бұл жолы Қытай Тайбэйінің өкілі екінші орынға көтерілді, ал Жаңа Зеландия теннисшісі үшінші орынға түсіп қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2122845-iuliia-putintseva-birmingemdegi-dodada-top-zharyp-alemdik-reitingte-zhogarylady/