Қытайдың Макао қаласында өткен самбодан Азия және Тынық мұхиты аймағының чемпионатында қазақстандық Анар Сейтімова алтын медаль иеленді. Бұл жеңісін спортшы марқұм әкесіне арнады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Анар Сейтімова жауынгерлік самбодан +80 кг салмақта бақ сынап, бірінші орын алды. Осы жеңісінен кейін ол Instagram желісіндегі парақшасында жазба жариялады.
"Әке, осы алтын медальді сізге арнаймын! Жатқан жеріңіз жайлы болсын. Сізді өте жақсы көремін, қатты сағындым әке", - деп жазды Сейтімова.
Ішкі істер министрлігінің ақпаратына сүйенсек, Анар Сейтімова – Қазақстан Республикасы ІІМ М.Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының арнайы-тактикалық даярлық кафедрасының оқытушысы, полиция майоры. Ол жауынгерлік самбодан Азия және Тынық мұхиты аймағының чемпионатында осымен екінші рет жеңімпаз атанып отыр.
Айта кетейік, Қытайдағы жарыста қазақстандық спортшылар 15 алтын, 7 күміс, 4 қола медаль еншілеп, жалпы есепте топ жарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2126832-qatty-sagyndym-qazaqstandyq-sportshy-aziia-chempionatyndagy-zhengisin-marqum-akesine-arnady/