Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Александр Винокуровтан кейін Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар кім

Жарияланған күні:

Алексей Луценко
Алексей Луценко. Фото: Con Chronis/Getty Images

Қазақстанның велоспорт командасы Париж Олимпиадасына қатысатын шабандоздардың есімдерін атады. Франция астанасында екі спортшы – Евгений Федоров пен Алексей Луценко Қазақстан атынан сынға түседі. Қазақстан құрамасының бас бапкері Даниил Фоминыхтың айтуынша, қазіргі уақытта екі спортшы да Astana Kazakhstan Team командасында өнер көрсетіп, ірі жарыстарға белсенді қатысуда, деп KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Тас жолдағы велоспорт бойынша қазақстандық команданың 3 лицензиясы бар, олардың әрқайсысы жеке спортшыларға емес, жалпы командаға берілді. Париж Олимпиадасына қатысу квоталары 2023 жылғы маусымдағы ұлттық құраманың нәтижелері бойынша бөлінді. UCI әлемдік рейтингінде қазақстандық команда 3660.24 ұпай жинап, 19-орынға ие болды. Нәтижесінде жеке жарысқа бір квота, ал топтық жарысқа екі квота беріледі.

Велошабандоздар
Велошабандоздар. Фото: Olympic.kz

Бір қызығы Парижге баратын екі велошабандозымыз да жастар арасында әлем чемпионы болды. Алексей Луценко бұл атақты 2012 жылы жеңіп алса, ал Евгений Федоров он жылдан кейін, яғни 2022 жылы алтыннан алқа тақты.

"Олимпиадада екі мықты спортшымыз өнер көрсетеді. Алексей Луценко мен Евгений Федоров.  Луценко жекелей және топтық сында өнер көрсетсе, Федоров тек топтық жарыста бақ сынайды. Жыл бойы бұл велошабандоздар Astana Kazakhstan Team командасы сапында әлемдік додаларға қатысуда. Қазіргі таңда олар "Тур де Франс" көпкүндігінде сынға түсіп жатыр. Содан соң аздаған үзіліс алып, қалпына келеді де, Олимпиада ойындарына қатысады", - дейді ұлттық құраманың аға бапкері Даниил Фоминых.

Тас жолдағы велоспорттан Қазақстан құрамасының үздігі Алексей Луценко үшін бұл екінші Олимпиада болмақ. Токиода ол жазғы ойындарға қатысып, топтық жарыста 21-орынға, жекелей сында 32-орынға ие болды. Алайда, жарақат салдарынан Луценко Рио Олимпиадасына қатысудан бас тартуға мәжбүр болды. Алексей Азия ойындарының үш дүркін чемпионы және 2017 жылғы Азия чемпионатының жеңімпазы. Ол сондай-ақ "Вуэльта", "Тур де Франс" көпкүндік кезеңдерінде жеңіске жетті. Оның үлкен спорттағы жеңіс жолы 2012 жылы жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медальды еншілеуімен басталған болатын.

Алексей Луценко
Алексей Луценко. Фото: Нұрғали Жұмағазы

Евгений Федоров үшін бұл оның мансабындағы алғашқы Олимпиада болады. Велошабандоз бұған дейін 2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы болған. Сонымен қатар, Федоровтың еншісінде 2023 жылғы Азия ойындарының алтыны бар. Евгений сонымен қатар жастар арасында әлем чемпионы атанып, Азия чемпионаттарында екі рет жеңіске жетті.

Велошабандоз Евгений Федоров
Велошабандоз Евгений Федоров. Фото: Olympic.kz

Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстан велоспорттағы жазғы Олимпиадаларда екі медаль жеңіп алды. 2000 жылы Сидней Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын медаль иеленген Александр Винокуров төрт жылдықтың байрақты бәсекесінде велоспорттан топ жарған жалғыз қазақстандық спортшы.

Жанкүйерлер тағатсыздана күтіп жүрген Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. 27 шілдеде велошабандоздар Париж Олимпиадасының жеңімпазын анықтау үшін жекелей жарыста бақ сынайды. Ал ерлер арасындағы топтық жарыс 3 тамызға жоспарланған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2129031-aleksandr-vinokurovtan-keiin-olimpiada-oiyndarynda-qazaqstan-namysyn-qorgaityn-sportshylar-kim/