Моңғолия құрамасының Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиада ойындарына арналған формасы көпшілікті тәнті етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Олимпиадаға арналған форманы моңғолиялық компаниялардың бірі дайындаған. Компанияның әлеуметтік желідегі парақшасында Олимпиаданың ашылу және жабылу салтанатында спортшылар киіп шығатын костюмдер таныстырылды. Жазбаның астына әр түрлі елдің өкілдері пікір жазып, киімге баға берді.
"Моңғолия әлем назарын аударып жатыр", "Шеберліктеріңізге сөз жоқ! Шыңғыс хан сіздерді мақтан тұтар еді", "Өте керемет, ерекше көрініп тұр. Әлемдік аренадағы спорттық іс-шараларға арналған керемет стиль!", "Неткен әдемі! Моңғолия талғамы үшін алтын жүлде алуы керек", "Керемет өнер туындысы", - деп жазды көпшілік.
Айта кетейік, формада олимпиадалық және ұлттық символдар, атап айтқанда, 9 мемлекеттік мойшақ, Олимпиада алауы, Олимпиаданың эмблемасы бейнеленген.
Осыған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының Олимпиадаға арналған формасы туралы жазған едік.
Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Төрт жылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан намысын 80 спортшы қорғайды. Ел қоржынында спорттың 25 түрінен 92 лицензия бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2134248-shynggys-han-maqtan-tutar-edi-monggoliia-quramasynyng-olimpiadaga-arnalgan-kiimi-zhurtty-tanti-etti-foto/