26 шілдеде Франция астанасы Парижде жазғы Олимпиада ойындары басталады. Төртжылдықтың басты додасында қазақстандық мамандар да қазылық етеді, деп хабарлайды Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Париж Олимпиадасында 12 қазақстандық төреші қызмет атқарады. Олар: Алуа Бектұрова (көркем гимнастика), Ольга Соловьева (ауыр атлетика), Әлия Каримова (әртістік жүзу), Юлия Игнатченко, Меруерт Қаукеева (теннис), Тимур Әмірбеков (спорттық гимнастика), Евгений Дьякокин (семсерлесу, сабля), Евгений Михеев (баскетбол), Ерік Жұмабеков, Игорь Лигай (күрес), Әлішер Алтаев, Ермек Сүйеніш (бокс).
Спорттық гимнастика бәсекелерінде төрелік ететін қазақстандық маман Тимур Әмірбеков осымен төртінші рет Олимпиадаға аттанбақ. Ол бұған дейін 3 Олимпиада ойындары мен 18 әлем чемпионатында, Азия чемпионаттары мен әлем кубогтерінде төреші болған.
Сондай-ақ күрес түрлерінен олимпиадалық деңгейдегі екі қазақстандық төреші Париждегі жазғы ойындарда жұмыс істейді. Олар – Ерік Жұмабеков пен Игорь Лигай. Ерік Жұмабеков 2019 жылы Астанада, 2021 жылы Ослода (Норвегия), 2022-2023 жылдары Белградта (Сербия) өткен әлем чемпионаттарында және 15-ке жуық Азия біріншілігінде төрешілік міндетті абыроймен атқарған. Тәжірибелі маман Олимпиадада алғаш рет қазылық жасайды.
Қазақстандық төреші Алуа Бектұрова Париж Олимпиадасында көркем гимнастика шеберлеріне баға береді. Бектұрова – көркем гимнастикадан Халықаралық санаттағы төреші. Ол жекелей және топтық жаттығудағы спортшылардың өнеріне төрелік етпек. Алуа бұған дейін Буэнос-Айрестегі (2018) жасөспірімдер Олимпиадасында қазылық жасап, Токио Олимпиадасына резервтегі төреші ретінде шақыртылған. Ол бүгінге дейін әлем чемпионаттары мен әлем кубогі кезеңдерінде жұмыс істеп келді. Ал Олимпиада ойындарында алғаш рет қазылық жасамақ.
Еске салайық, Қазақстанда алғаш рет Олимпиада ойындарын бес телеарна көрсететінін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2135346-qara-qyldy-qaq-zhargan-parizh-olimpiadasynda-qyzmet-etetin-qazaqstandyq-toreshiler-kim/