Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері Ислам Байрамуков Париж Олимпиадасы қарсаңында балуандарымыздың қайсысы жүлдеге ілігетінін, басқа қандай спорт түрінен жетістікке жете алатынымыз жөнінде өз пікірін білдірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ RUNASPORT сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
– 10 күннен кейін көпшілік тағатсыздана күткен Олимпиада ойындары басталады. Қазақстандық спортшылардың өнерін тамашалайсыз ба?
– Әрине, тамашалаймын. Олимпиада – төртжылдықтың басты бәсекесі. Мен трансляцияларды жібермей қараймын.
– Қазақстандық балуандардың мүмкіндігін қандай деңгейде деп бағалайсыз?
– Балуандардың мүмкіндігі жақсы. Жеребе бойынша мүмкіндіктерін бағамдап шықтым.
– Жүлдеден үмітті балуандарды нақты есімдерімен атай аласыз ба?
— Мен жеке ешкімді бөліп-жармаймын. Жуырда еркін күрестен біздің қоржынымызға 57 кг дейінгі салмақ дәрежесі бойынша тағы бір жолдама түсті. 86 кг дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін балуан Азамат Дәулетбеков соңғы екі әлем чемпионатының екеуінде де қолаға қол жеткізді. Оның жүлдеге таласу мүмкіндігі жоғары. 97 кг дейінгі салмақ дәрежесінде де мүмкіндіктеріміз бар екенін айта кетуіміз керек (Әлішер Ерғали). Ал 120 кг дейінгі салмақ дәрежесінде келешегінен үлкен үміт күттіретін жақсы жігіт өнер көрсетеді (Юсуп Батырмұрзаев). Егер бабы мен бағы қатар келсе, одан жақсы нәтижеге күтуге болады. Жалпы алғанда теориялық тұрғыдан әркімнің мүмкіндігі бар. Сондай-ақ грек-рим күресінде, дзюдода, бокста жүлдеге ілігу мүмкіндігіміз жоғары. Сондай-ақ семсерлесу мен ату спортынан да жүлде болады деп сенемін. Менің ойымша Париж Олимпиадасында бәрінің де топ жаруға мүмкіндігі бар.
Айта кетелік, Осыдан 24 жыл бұрын еркін күрес шебері Ислам Байрамуков Сидней Олимпиадасында күміс медаль жеңіп алған еді. Сол кезде еркін күрестен Олимпиада ойындарында жоғары нәтижеге қол жеткізген жалғыз спортшы болды. Ал одан кейін Ислам Байрамуковтың жетістігін қайталау текі екі спортшыға бұйырды. 2004 жылы өткен Афина Олимпиадасында Геннадий Лалиев пен 2008 жылы өткен Бейжің Олимпиадасында Таймураз Тигиев күміс жүлдені еншілеген болатын. Ал Тәуелсіз Қазақстан тарихында еркін күрестен бірде-бір спортшы жеңістің жоғары сатысына көтеріле алмады.
Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2135556-islam-bairamukov-parizh-olimpiadasynda-otandyq-sportshylardyng-barlygy-top-zharady/