Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Мессиге талап қойған Аргентина спорт министрінің орынбасары жұмыстан қуылды

Жарияланған күні:

Лионель Месси
Лионель Месси: Omar Vega/Getty Images

Аргентина президенті Хавьер Милей спорт министрінің орынбасары Хулио Гарроны қызметінен босатты. Ол футболдан Аргентина құрамасының ойыншыларының Франция футболшыларына қарсы айтқан нәсілшілдік бағыттағы сөздері үшін команда капитаны Лионель Мессиді кешірім сұрауға шақырды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Аргентина құрамасының ойыншылары әлеуметтік желіде Франция футболшыларына қарсы нәсілшіл бағыттағы ән айтқаны үшін басы дауға қалып еді. Кейін Аргентина құрамасының жартылай қорғаушысы Энцо Фернандес аталмыш жағдайға қатысты мәлімдеме жасап, кешірім сұраған болатын.

Ал осыдан кейін Аргентинаның спорт министрінің орынбасары Хулио Гарро команда капитаны Лионель Месси бұл оқиға үшін кешірім сұрауы керек деп айтты. Бұл туралы TycSports басылымы арнайы жазып, Хулио Гарроның сөзін келтіреді.

"Менің ойымша, ұлттық құраманың капитаны Месси мен Аргентина футбол федерациясының президенті көпшілік алдына шығып, бұл жағдай үшін кешірім сұрауы керек", - деді Гарро.

Дереккөздің мәліметінше, спорт министрінің орынбасары бірнеше сағаттан кейін X желісіндегі парақшасында жоғарыдағы сөзді жоққа шығарды. Алайда арада бір күн өткен соң, Хулио Гарроның қызметінен босатылғаны белгілі болды.

"Бірде-бір үкімет Аргентина құрамасының не ойлайтынына, не дейтініне, не істейтініне қарсы бола алмайды. Бұл мәселе әлем чемпионына да, Олимпиада чемпионы мен Американың екі дүркін чемпионына да қатысты. Сол себепті Хулио Гарро спорт министрінің орынбасары қызметінен босатылады", - деп жариялады президенттің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Америка кубогының финалында аргентиналықтар 1:0 есебімен жеңіске жетіп, 16-мәрте Америка кубогын иеленген болатын. Бұл Лионель Мессидің мансабындағы 45-трофей болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2136018-messige-talap-qoigan-argentina-sport-ministrining-orynbasary-zhumystan-quyldy/