Парижге аттанған қазақстандық боксшылардың бірі Назым Қызайбай Олимпиада қалашығындағы бөлмесін көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Назым Қызайбай Париждегі бөлмесін видеоға түсіріп, TikTok желісіндегі ресми парақшасына жариялады.
"Мынау менің бөлмем. Ең кішкентай, тар бөлме екен. Төсектер картоннан жасалған. Жаныма тағы бір спортшы келіп тұрады. Қазір жалғыз тұрып жатырмын. Әзірге орналасып, жаттығуымызды жалғастырып жатырмыз. 25 шілдеде жеребе болады. Дұғада болыңыздар", - деді боксшы.
Назым Қызайбай маусымда Бангкокта (Таиланд) өткен бокстан соңғы лицензиялық турнирде Олимпиада жолдамасын жеңіп алған еді. Ол Париж бәсекесінде 50 кг салмақ дәрежесінде жұдырықтасады. Назымнан бөлек, әйелдер боксынан ел намысын Валентина Хальзова (75 кг) мен Карина Ибрагимова (57 кг) қорғайды.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық Олимпиадалық комитеттің президенті Геннадий Головкин Париждегі Олимпиада қалашағында бокстан Қазақстан құрамасымен кездескенін жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2139006-tosek-kartonnan-zhasalgan-qazaqstandyq-boksshy-olimpiada-auylyndagy-bolmesin-korsetti-video/