Бадминтон спортынан Қазақстан құрамасының көшбасшысы Дмитрий Панариннің Париж Олимпиадасындағы қарсыластары анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Спортты дамыту дирекциясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Дмитрий Панарин іріктеу кезеңінің D тобына түсті. Ол 28 шілдеде жапон спортшысы Кента Нисимотомен ойнайды. Кездесу Астана уақытымен 11:30-да басталады. Осыдан кейінгі Панариннің қарсыласы канадалық бадминтоншы Брайан Янг (ойынның күні мен уақыты кейін белгіленеді).
Дмитрий осыған дейін 2018 жылы Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өткен жасөспірімдер Олимпиадасында бақ сынады. Сондай-ақ ол – халықаралық деңгейдегі Kazakhstan International (2018 жылы), Cyprus International (2021 жылы) турнирінің жеңімпазы. Панарин сәуірде Париж Олимпиадасының лицензиясын жеңіп алып, жазғы Олимпиадада бадминтоннан Қазақстан намысын қорғайтын алғашқы спортшы атанған еді.
Бадминтон бәсекелері 27 шілде мен 5 тамыз аралығында Париждегі Порт-де-ла-Шапель аренада өтеді. 36 мемлекеттен келген 41 спортшы жүлдеге таласады. Олар 3-4 атлеттен 13 топқа бөлінген. Плей-офф кезеңіне тек 1-орын алған ойыншы шығады. D тобының үздігі 1/16 айналымда С тобының мықтысымен кездеседі. Ал бұл жұптың жеңімпазы ширек финалда А тобының мықтысымен шеберлік байқасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2139246-tunggysh-ret-synga-tusetin-qazaqstandyq-badmintonshynyng-qarsylastary-anyqtaldy/