Қытай атынан өнер көрсететін скейтбордшы Чжэн Хаохао Париждегі Олимпиада ойындарында бақ сынайтын ең жас спортшы болады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Reuters басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
11 жастағы Чжэн Хаохао Олимпиада ойындарына бақ сынайтын ең жас қатысушы болып саналады. Чжэн 2021 жылы 8 жасында Қытайдың ұлттық ойындарына қатысып, 14-орын алған болатын. Ал 2023 жылы Будапеште өткен іріктеу кезеңінде сәтті өнер көрсетіп, Париж Олимпиадасына жолдаманы жеңіп алды.
Ал Париждегі байрақты бәсекеде сынға түсетін ең егде қатысушы 65 жастағы испаниялық Хуан Антонио Хименес Кобо болады. Ол бұл додада ат спортынан қатысады.
Айта кетейік, бүгін, 26 шілдеде Париж Олимпиадасының ресми ашылу салтанаты өтеді. Бұл байрақты бәсеке 11 тамызға дейін өз жалғасын табады. Олимпиада ойындарына әлемнің 205 елінен 10 500 спортшы бақ сынайды. Онда 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140072-11-zhastagy-qytailyq-sportshy-parizh-olimpiadasyna-qatysady/