Франция билігі кейінгі жылы 5 мыңға жуық үйсіз мигрантты Парижден шығарып жіберген. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ The New York Times басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздің хабарлауынша, билік Париждегі олимпиадалық нысандардың жанындағы көшелерде жүрген үйсіздердің санын азайтуды мақсат еткен. Қаладан шығарылған адамдардың көпшілігі ерлер. Париж билігі оларды Францияның басқа қалаларына, мысалы, Лионға немесе Марсельге автобуспен баруға көндірген. Үйсіздердің бірінің айтуынша, оларға баспана мен әлеуметтік көмек уәде етілген.
Жаңа қалаларға келгеннен кейін үйсіздер жергілікті баспаналарда үш аптаға дейін тұра алады. Тексерістен өткен адамдарға ғана ұзақ мерзімді баспана беріледі. Басылымының хабарлауынша, мұндай баспанаға үйсіздердің тек 40 пайызы қол жеткізе алады.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді. Байрақты бәсекеге 200-ден аса мемлекетттен келген 10 мыңнан аса спортшы қатысады. Олар спорттың 32 түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады.
Олимпиаданың ашылу салтанаты бүгін, 26 шілдеде Париждегі Сена өзенінде өтеді. Салтанатты шара Қазақстан уақытымен 22:15-те басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140098-frantsiia-biligi-olimpiada-aldynda-parizhdegi-5-myng-uisiz-adamdy-qaladan-qudy/