Франция астанасы Парижде XXXIII жазғы Олимпиада ойындары ресми түрде басталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Тарихта алғаш рет Олимпиаданың ашылу салтанаты стадионнан тыс жерде өтті. Салтанатты шара Париждегі Сена өзенінде болды. Ұлттық делегациялар қайық арқылы шеру жасады. Қазақстан құрамасы да cалтанатты шеруге қатысты.
Ашылу салтанатының бағдарламасын франциялық театр режиссері әрі актер Тома Жолли дайындаған. Қойылымдарға 3000-ға жуық әртіс қатысты. Сондай-ақ, әлемге танымал әншілер Леди Гага мен Селин Дион өнер көрсетті.
Эйфель мұнарасының жанындағы Трокадеро алаңында Франция президенті Эмануель Макрон жазғы Олимпиаданы ашық деп жариялады. Ал Тюильри саябағында Олимпиада алауын дзюдошы Тедди Ринер мен жеңіл атлет Мари-Хосе Перек тұтатты.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 11 тамызға дейін жалғасады. Байрақты бәсекеге 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады. Олар 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Ал Қазақстан намысын 79 спортшы қорғайды.
- Париж Олимпиадасының алауы тұтанды (фото)
- Зинедин Зидан мен Рафаэль Надаль Олимпиада эстафетасын жалғастырды
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140432-parizhde-zhazgy-olimpiada-resmi-turde-bastaldy/