ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары аясында тас жолдағы велоспорттан жекелей сындағы бәсеке өз мәресіне жетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Жекелей сындағы тас жолдағы велоспорт бәсекесінде ел намысын Евгений Федоров қорғады.
Жарысты 10-нөмірмен бастаған велошабандоз Евгений Федоров 38:33.98 уақытын тіркеп, мәре сызығын кесті. Нәтижесінде қазақстандық спортшы 21-орын алды.
Ал бұл сында белгиялық Эвенепул Ремко (36:12.16) топ жарып, алтыннан алқа тақты. Италиялық велошабандоз Ганна Филиппо (36:27.08) екінші орынды еншіледі. Ал белгиялық Ван Арт Ваут (36:37.79) қола жүлдеге қол жеткізді.
Айта кетейік, Евгений Федоров мансабында Олимпиада ойындарына тұңғыш рет қатысып жатыр. Велошабандоз бұған дейін 2018 жылы Аргентинада өткен жасөспірімдер Олимпиадасының жеңімпазы болған. Сонымен қатар, Федоровтың еншісінде 2023 жылғы Азия ойындарының алтыны бар. Евгений сонымен қатар жастар арасында әлем чемпионы атанып, Азия чемпионаттарында екі рет жеңіске жетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140543-parizh-olimpiadasy-veloshabandoz-evgenii-fedorov-zhekelei-synda-oner-korsetti/