Мергендер Александра Ле мен Ислам Сәтбаев Парижде өтіп жатқан Олимпиадада жүлде алған алғашқы қазақстандық спортшылар болды. Осы ретте KAZ.NUR.KZ редакциясы мергендер туралы деректер жинап, назарға ұсынады.
Ислам Сәтпаев
Әлем чемпионатындағы сәтті өнер көрсетуінің арқасында Олимпиадаға жолдама алған Қазақстан құрамасының жалғыз өкілі. Былтыр 20 тамызда мерген Бакуде (Әзербайжан) өткен әлем чемпионатында төртінші орын алды, бұл елге Париждегі Олимпиадаға қатысуға алғашқы квотаны берді. Сәтпаев сондай-ақ әлем чемпионатында ұпай жинау бойынша Қазақстан үшін жаңа рекорд орнатты – 632,7 ұпай.
"Өзімді керемет сезініп тұрмын. Бұл менің алғашқы ойындарым және мен қола жүлдеге ие болдым. Бұл ғажап", - дейді спортшы.
Сондай-ақ Ислам Сәтпаев – Қазақстан Қарулы күштерінің қызметкері.
Александра Ле
Ұлттық құраманың ең жас өкілі Джакартада оқ атудан өткен Азия чемпионатында лицензия жеңіп алып, жетінші орынға қол жеткізді. Ле үш позициядан пневматикалық винтовкадан ату жарысында өнер көрсететін екінші қазақстандық болды.
"Мен осы спорт түріне келген кезде Олимпиадаға қатысып, ең жақсы нәтижеге қол жеткізуді армандадым. Бұл менің мақсатым, мен оған сенемін. Бар күш-жігерімді көрсетсем, жеңіс болатынын білемін", - дейді Ле.
Спортшы оқитын оқу орнының сайтында Александра Алматыдағы республикалық спорт колледжін бітіргені жазылған. 2022 жылы "Бизнес-инжиниринг" білім беру бағдарламасы бойынша оқуын бастаған.
Айта кетсек, бұған дейін алғаш рет Олимпиада ойындарына қатысып тұрған 25 жастағы Ислам Сатпаев пен 20 жастағы Александра Ле жұбы Германия құрамасынан (Анна Янсен, Максимилиан Ульбрих) басым түскенін жазған едік.
Осылайша, олар пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеуден Париж Олимпиадасының алғашқы жүлдесін делегация қоржынына салды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140563-olimpiadada-qazaqstan-qorzhynyna-algashqy-medal-salgan-sportshylar-turaly-ne-belgili/