Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева Париж Олимпиадасына қатысудан бас тартқаны үшін жанкүйерлерден кешірім сұрады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан теннис федерациясының Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Бірінші айналымда Юлия Путинцева украиналық Марта Костюкпен (№19) кездесуі керек болған. Кейінірек, Қазақстан теннис федерациясы қазақстандық теннисшінің жарақат алып, Олимпиадаға қатыспайтынын мәлімдеді.
"Өкінішке қарай, жағымсыз жаңалықтар орын алып жатыр. Мен Париждегі Олимпиада ойындарын мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүрмін. Уимблдонда алған жарақат маған осы күнге дейін тыныштық бермеді. Біз өз командамыз және федерациямен бірге байрақты бәсекеге қатысуға қолдан келгеннің бәрін жасауға тырыстық. Бірақ, өкінішке қарай, осындай жағымсыз жағдай орын алып тұр.
Менің тізем ісінген, бірақ мен үнемі физиотерапиядан өтіп, ем алып жүргем. Мен өз құрамамды ешқашан жерге қаратқан емеспін, барлық матчқа қатыстым. Бұл мен үшін қуаныш әрі мақтаныш болды. Менің ойымша, барлығы менің ұлттық құрамада ойнағанымды, 40 матч өткізгенімді және ең көп жеңіс әкелгенімді біледі. Бұл жолы мен кортқа шыға алмаймын, мен қатты ауырып тұрмын. Мен командамның атынан жанкүйерлерден кешірім сүраймын", - деді қазақстандық теннисші.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина да денсаулығына байланысты Олимпиада ойындарына қатысудан бас тартқан болатын.
- Әбиба Әбужақынова Олимпиаданың қола жүлдесіне таласады
- Қазақстандық мерген финалдық кезеңге шыға алмады
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140630-iuliia-putintseva-olimpiadaga-qatysa-almaityny-ushin-zhankuierlerden-keshirim-surady-video/