Қазақстандық мерген Александра Ле 2024 жылғы Олимпиадада пневматикалық мылтықпен 10 метрден атудан жекелей турнирдің финалына жолдама алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Пневматикалық мылтықпен 10 метрден атудан жекелей турнирдің жекелей сынында 43 спортшы қатысты. Аталмыш ойынның финалына ең мықты 8 спортшы жолдама алды.
Олардың арасында қазақстандық Александра Ле де бар. Ол 631,4 ұпай жинап, іріктеу кезеңінде алтыншы орынға ие болды. Тағы бір қазақстандық Ирина Алтухова 627,7 ұпаймен 17-орынға табан тіреді.
Осылайша 20 жастағы Ле 2024 жылғы Олимпиадада екінші медальін сарапқа салады. Сенбі күні ол Ислам Сәтпаевпен аралас дуэтте қола жүлдегер атанған еді. Әйелдер арасында пневматикалық мылтық атудан жекелей турнирдің финалы 29 шілде күні Қазақстан уақыты бойынша сағат 12:30-да басталады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140882-parizh-olimpiadasynyng-qola-zhuldesin-zhenggen-sportshy-zhekelei-synda-finalga-otti/