Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Қарындасты жылатпаймыз": танымал айтыскер Әбиба Әбужақыноваға қатысты үндеу жасады

Жарияланған күні:

Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова
Қазақстандық дзюдошы Әбиба Әбужақынова. Фото: ijf.org

Танымал айтыскер ақын Мұхтар Ниязов Парижде өтіп жатқан жазғы Олимпиадада жүлде ала алмаған дзюдошы Әбиба Әбужақынованы қолдауға шақырды. Ол өз үндеуін атымтай азаматтарға арнады, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

Мұхтар Ниязов дзюдошы қызға қатысты пікірін Facebook желісінде жазды.

"Меніңше, біздің атымтай азаматтар бүгін сәл ғана мүлт кеткен Әбиба қарындасымызды да құрмет, сыйлығынан құр қалдырмай күтіп алып, жігерлендіргені дұрыс болады. Жарақаты бола тұра барын салды, сәті түспеді. Қыз бала ғой, сағы сынбасын. Өмірі алда. Жеңілсе де, жеңсе де, өзіміздің қарындасымыз.

Мысалы, Токиодан қола алып келген осы Елдосқа Жұмабек Жанықұлов ағамыз "Сенің қолаң бізге алтыннан қымбат" деп ағалық қамқорлығын көрсеткенде Елдос та жігерленіп, "Аға, Алла қаласа, Париждің алтынын алып келемін" деп уәде беріпті.

Аллаға шүкір, міне сол күнге жеттік. Аз ғана халықпыз. Жастарымыз түрлі азғындықтардың жетегінде кетпеу үшін осындай ұл-қыздарымызды үлгі етіп, көтеріп, қайрап отырсақ, олар да сын сағатта аянып қалмайды. Еліміздің туы да, еңсесі де төмен түспесін! Абырой, айбынымыз асқақтай берсін!", - деді ол.

Айтыскер Әбиба Әбужақыноваға өлең жолдарын да арнады.

"Әбиба, Әбибажан, Әбиба қыз,

Жеңілген спортшының бәрі жалғыз.

Қалдырмай бірақ сені мұндай сәтте,

Қасыңнан қалың ел боп табылармыз, табылармыз...

Жаралған жан екенсің күресуге,

Шамалы күш жетпеді тіресуге.

Испан итеріп кеудеңнен, швед шалып,

Ауырсындың, сонда да жүресің де.

Жылап тұрсың , мұндайда күлесің бе?!

Қарындасты бірақ біз жылатпаймыз,

Әбибажан, сен соны білесің бе, білесің бе?!", - деп жазды ол.

Көпшілік Мұхтар Ниязовтың сөзін қолдай кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2140939-qaryndasty-zhylatpaimyz-tanymal-aitysker-zhurtty-abiba-abuzhaqynovany-qoldauga-shaqyrdy/