Cтенд атудан Қазақстан құрамасының мүшесі Мария Дмитриенко Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңін сәтті бастады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Мария Дмитриенко трап сайысында бақ сынап, 4-орынға жайғасты. Ол үш раундта 73 ұпай жинады. Енді Мария 31 шілдеде іріктеу кезеңінің екінші күнінде сынға түседі. Үздік алтылықтағы орнын сақтап қалса, финалға жолдама алады.
Айта кетейік, Мария 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысып, 8-орынға табан тіреген еді. Ол биыл сәуірде Катар астанасы Дохада өткен лицензиялық турнирде Париж Олимпиадасына жолдама жеңіп алды. Қазақстандық мерген 2023 жылы Бакудағы (Әзербайжан) әлем чемпионатында аралас жұптық сында Даниил Почиваловпен бірге қола жүлдегер атанған болатын.
Стенд ату спортынан Париж Олимпиадасына тағы екі қазақстандық спортшы Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко қатысады. Олар скит сайысында бақ сынайды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2141770-qazaqstandyq-mergen-olimpiadanyng-irikteu-kezengin-satti-bastady/