Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев теннистен Қазақстан олимпиадалық құрамасы неге тек легионерлерден жасақталғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қазақстан теннис федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Париж Олимпиадасына қатысатын Қазақстан теннис құрамасында алғашында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик, Александр Шевченко және Александр Недовесов бар еді. Осы теннисшілердің төртеуі бұрын Ресейдің, ал біреуі Украинаның намысын қорғаған.
Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Диас Досқараев олимпиадалық құрама неге тек легионерлерден жасақталғанын айтты.
"Осы сұраққа қатысты мынаны атап өткен маңызды, теннисте олимпиадалық лицензия жеке теннисшіге беріледі. Қазақстан төлқұжаты бар әр ойыншы ай сайын түрлі жарыстарға қатысып, жеке өз басы үшін рейтингілік ұпай жинайды. Содан кейін олар өзінің жеке рейтингіне сәйкес Олимпиадаға жолдама алады немесе лицензияға қол жеткізе алмайды. Олимпиадаға қай теннисшінің баратынын федерация емес, Халықаралық олимпиада комитеті шешеді.
Екіншіден, теннистің біздің елде тек 17 жыл бұрын ғана қауырт дами бастағанын атап өткім келеді. Алғашқы 5 жылда федерация болашақ табыстарға негіз қалады, елде теннис орталықтары ашылып, олардың саны бүгін 38-ге жетіп отыр. Талантты балалар тенниске белсенді тартыла бастады. Осыған орай қазақстандық теннис мектебінің "өнімдері" Әмір Омарханов, Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай, Даниал Рахматуллаев, Полина Слепцова, Асылжан Арыстанбекова, Ева Корышева және басқалардың ересек жарыстарда сәтті өнер көрсетіп, Олимпиадаға лицензия алуы үшін әлі кемінде 3-4 жыл керек.
Әрине өз теннисшілерімізді дамыту біз үшін басым бағыт болып есептеледі. Бірақ олар бос жерде дами алмайды. Олардың көз алдында жеңімпаздардың үлгісі болуы керек, қазақстандық теннистің беделі жыл сайын нығаюы тиіс", - деді Досқараев.
Сондай-ақ Досқараев Қазақстан теннис федерациясы тек жеке демеушілердің есебінен қаржыландырылатынын, мемлекеттік бюджеттен бір тиын да алмайтынын айтты.
"Федерацияның жылдық бюджеті жобаларға байланысты, орта есеппен жылына 12-15 млн АҚШ доллары шамасында. Топ-ойыншылар өз шығындарының басым бөлігін турнирлерде алатын сыйақысы есебінен жабады. Өз кезегінде федерация топ-ойыншыларға қарағанда, өзінің қазақстандық жас тәрбиеленушілеріне қаражатты 8 есе көп жұмсайды", - деді федерацияның вице-президенті.
Еске салайық, денсаулығына байланысты Париж Олимпиадасына қатыса алмаған қазақстандық теннисші Елена Рыбакина мәлімдеме жасаған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2142552-tennisten-qazaqstan-olimpiada-quramasy-nege-tek-legionerlerden-zhasaqtaldy-qtf-zhauap-berdi/