Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Ислам Сәтпаев: Анам менің медаль алғанымды түсінде көріпті

Жарияланған күні:

Ислам Сәтпаев
Ислам Сәтпаев. Фото: Olympic.kz

Ату спортынан Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ислам Сәтпаев жетістікке жетуге не себеп болғанын және жеңіске жететінін анасы түсінде көргенін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ислам Сәтпаев бұл жетістікке жету үшін үлкен жұмыс атқарғанын айтты. Сондай-ақ бұл нәтижемен тоқтап қалмай, 2028 жылғы Олимпиадаға дайындалу қажет екенін де жеткізді.

"Арада 28 жыл өткен соң Қазақстан қоржынына нысана көздеуден Олимпиада ойындарының жүлдесі түсті. Өте қуаныштымын. Финалға шығып, жүлде алып, дәл осындай нәтиже көрсету үшін біз үлкен жұмыс атқардық.

Өзімнің жеке бапкерімнің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Ол қандай жағдай болса да жарысқа келіп, маған моральдық тұрғыдан қолдау көрсететін. Елде бапкеріммен психологиялық сәттерді жиі талқылайтынбыз. Соның пайдасы тиді деп ойлаймын. Енді алда басқа жарыс – 2028 жылғы Олимпиада күтіп тұр. Әрі  қарай дайындалу керек", - деді Ислам Сәтпаев.

Қазақстандық спортшы медаль алатынын анасы түсінде көргені туралы пікір білдірді.

"Анам менің медаль алғанымды түсінде көріпті. Бірақ мені мазаламай, жарыс біткен соң айтып жатыр. Өйткені, ата-анам да, жұбайым да жарыс алдында мені алаңдатпау керектігін біледі. Турнир аяқталған соң естіп, қуанып қалдым. Жақындарымның жылы сөздері де мені елжіретіп жіберді. Бұл – ерекше сезім", - деді Ислам Сәтпаев.

Айта кетейік, Олимпиаданың бірінші күнінде Ислам Сәтпаев пен Александра Ле командалық аралас дуэтте бақ сынап, қола жүлдеге ие болған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2142637-islam-satpaev-anam-mening-medal-alganymdy-tusinde-koripti/