Әлеуметтік желіде дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы атанған Елдос Сметовке ақтөбелік кәсіпкер Ануар Маханов 100 жылқы сыйлайтыны туралы ақпарат тарағаннан-ақ көпшілік бұл жаңалықты ыстық ықыласпен қабылдады. Осыған байланысты "Атырау" газеті бұл жаңалықтың рас-өтірігін анықтады, деп KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Кәсіпкердің айтуынша, Елдос Сметов тамыз айының ортасында Ақтөбе облысына арнайы келеді екен. Осы орайда кәсіпкер, "Атамекен" асыл тұқымды жылқы шаруашылығының төрағасы Ануар Маханов Байғанин ауданы, Жарқамыс ауылына апарып, сыйлығын тапсыруды көздеп отыр екен.
"Қазіргі уақытта шаруашылықта жиырма-отыз шақты адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Жазғы науқан кезінде елу шақты адамға дейін көбейіп отырады. Чемпионға құрмет көрсете отырып, мемлекетіміздің абыройы арта берсін деген тілек айтамын", - деді Ануар Маханов.
Ануар Маханов көптеген қазақ жанкүйері сияқты Елдостың жеңісіне ерекше қуанып, чемпионға 100 бас жылқы сыйлайтынын айтты. Ол Париждегі қазақ батырымен тікелей сөйлесіп, сыйлығын дайындап қойғанын да жеткізгенін жазған болатынбыз.
Айта кетейік, Елдос Сметов 60 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасының чемпионы атанған болатын. Осылайша ол тәуелсіз Қазақстан тарихындағы дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанып, тарихи жетістікке қол жеткізді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2143053-olimpiada-chempiony-eldos-smetovke-100-bas-zhylqy-atagan-kasipker-pikir-bildirdi/