Париж Олимпиадасы аясында өткен командалық сында қазақстандық семсерлесушілер 5-орынға таласта Италияға қарсы кездесу өткізді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Шпагамен семсерлесуден Қазақстанның ерлер құрамасы 5-орынды сарапқа салу үшін Италия спортшыларына қарсы кездесу өткізді. Нәтижесінде қазақстандық семсерлесушілер 45:36 есебімен жеңіліс тауып, 6-орынды місе тұтты.
Қазақстан құрамасы сапынан Руслан Курбанов, Эльмир Әлімжанов, Вадим Шарлайимов және Ерлік Сертай бақ сынады.
Шпагамен семсерлесуден командалық бәсекенің ширек финалдық кезеңінде қазақстандық спортшылар Венгрия семсерлесушілеріне есе жіберіп қойған еді. Ал бұдан кейінгі кездесуінде Қазақстан құрамасы Мысырдан басым түсті.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Олимпиада ойындары 11 тамызға дейін жалғасын табады. Қазіргі уақытта ел қоржынында 1 алтын, 2 қола медаль бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2143893-qazaqstandyq-semserlesushiler-olimpiadada-6-oryndy-enshiledi/