Алжирлік боксшы Иман Хелифтің әкесі Амар Хелиф спортшының қыз екенін дәлелдеу үшін оның құжаттары мен бала күнгі суреттерін көрсетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Дереккөздің мәліметінше, боксшының әкесі көрсеткен туу туралы куәлікте Иман Хелиф 1999 жылғы 2 мамырда дүниеге келгені және оның қыз екені жазылған.
"Оған айтылған сөздер ақылға қонбайды. Бұл әділетсіз. Иман 6 жасынан бастап спортты жақсы көретін, футбол ойнап өскен кішкентай қыз бала. Бұл сынның бәрі Иманды жолдан тайдыру үшін, оның Олимпиада чемпионы атануына кедергі келтіру үшін айтылып жатыр. Бірақ ол шаршы алаңда бәрінің қателескенін дәлелдейді, Алжир мен барлық араб елдерін алтын медалі арқылы танытады деп үміттенемін. Ол біз үшін нағыз үлгі тұтарлық тұлға", - деді Амар Хелиф.
Еске салайық, әйелдер боксында 66 кг салмақта сынға түсетін Иман Хелиф 1 тамызда Париж Олимпиадасында италиялық боксшы Анджела Каринимен кездескен еді. Жекпе-жек басталған бетте бірнеше ауыр соққы алып қалған италиялық Анджела Карини небәрі 46 секунд өткен соң жұдырықтасудан бас тартты. Ол қарсыласының қолын алмай, шаршы алаңнан көзіне жас алып шығып кеткен болатын. Осыдан кейін Иман Хелифтің жынысына байланысты қауесет бұқаралық ақпарат құралдарында желдей есті. Мәселенің мән-жайын cараптап жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2144749-alzhirlik-boksshy-iman-helifting-akesi-qyzynyng-tuu-turaly-kualigin-korsetti-foto/