Байдарка мен каноэ есуден Қазақстан құрамасының өкілдері Мария Бровкова мен Руфина Искакова Париж Олимпиадасының іріктеу кезеңінде бақ сынады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Мария Бровкова мен Руфина Искакова 500 метрге каноэда ескек есуден сынға түсті. Олар белгіленген межені 2 минут 00,05 секундта бағындырып, мәреге бесінші болып жетті. Ал жартылай финалға тікелей жолдама алу үшін үздік екі жұптың қатарына кіру керек еді. Енді қазақстандық каноэшілер ширек финалға қатысады.
Айта кетейік, Мария Бровкова мен Руфина Искакова Токиода (Жапония) өткен іріктеу турнирінде Париж Олимпиадасының лицензиясын ұтып алған еді. Олар 500 метрге жарысудан мәреге бірінші болып келген болатын.
Осыған дейін Тимур Хайдаров пен Сергей Емельянов екі адамдық каноэмен 500 метрге жарысудан бақ сынап, жартылай финалға тікелей жолдама ала алмады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2145091-qazaqstandyq-kanoeshiler-olimpiadanyng-zhartylai-finalyna-tikelei-zholdama-ala-almady/