Париж Олимпиадасында Қазақстан қоржынына алғашқы жүлдені салған қос мергеннің бірі Ислам Сәтбаев елге оралып, жеңісі туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
"Медаль жеңіп алғаным мен үшін таңғаларлық нәрсе болған жоқ. Өнер көрсетер алдында Қазақстанға жеңіс сыйлайтынымызды сездім. Біз енді тоқтап қалмай, жұмысымызды жалғастыруымыз керек. Өйткені келесі мақсатымыз – 2028 жылы АҚШ-та өтетін Олимпиада ойындарына қатысу. Мен жүлде еншілеген кезде өзімді мақтан тұттым", - деді Ислам.
Еске салайық, Ислам Сәтбаев пен Александра Ле 27 шілдеде 10 метрден нысана көздеуден аралас командалық сында бақ сынап, қола жүлде жеңіп алған еді. Бұл Париж Олимпиадасында Қазақстан қоржынына түскен алғашқы медаль болды.
Бүгін, 7 тамызда қос мерген басқа да қазақстандық спортшылармен бірге елге оралды. Александра Ле де Олимпиада ойындарындағы жеңісі туралы пікір білдірді.
Қазір Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 1 алтын, 1 күміс, 3 қола медалі бар. Төрт жылдықтың басты бәсекесі 11 тамызға дейін жалғасады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2145655-qazaqstanga-zhengis-syilaitynymdy-sezdim-islam-satbaev-olimpiada-oiyndaryndagy-zhuldesi-turaly-aitty/