Дағыстанда классикалық шахмат чемпионаты кезінде шахматшы қыз қарсыласының үстеліне сынап құйып тастаған. Енді ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Оқиға Дағыстан Республикасының тұңғыш президенті Муху Әлиевтің жүлдесі үшін өткен классикалық шахматтан Дағыстан чемпионатында болды.
Қарсыласына қастандық жасаған қыздың әрекеті түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады. Осы жағдайға байланысты Дағыстан спорт министрлігінің Telegram желісіндегі арнасында министр Сажид Сажидовтың мәлімдемесі жарияланды.
"Интернетте Дене шынықтыру және спорт министрлігі Шахмат федерациясымен бірлесіп өткізген классикалық шахмат бойынша Дағыстан чемпионатына қатысушылардың бірі осы жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы Әмина Абакарова түсірілген видео пайда болды. Махачкалалық Абакарова өзінің қарсыласы, Еуропа чемпионы, Ұмайғанат Османова ойнауы керек болған үстелді белгісіз затпен өңдеген, кейін ол сынап қосындылары болып шықты", - делінген хабарламада.
Министрдің айтуынша, ойын барысында Османованың денсаулығы нашарлап, медициналық көмекке жүгінген. Дегенмен басқа ешкім зардап шекпеді.
Осыдан соң жарыс тоқтатылып, бірнеше күннен кейін Роспотребнадзордың аймақтық департаментінің ресми рұқсатынан кейін қайта жалғасты.
"Қазіргі уақытта жарысқа қатысушылар мен қонақтардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ, 8 тамызда Дағыстан чемпионаты аяқталады. Көп адам сияқты, мен де Әмина Абакарова сияқты тәжірибелі спортшы неге осындай әрекетке барғанын түсінбедім. Оның ісі қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін еді. Ол шахмат үйінде болған барлық адамның, тіпті, өзінің өміріне қауіп төндірді. Енді ол әрекеті үшін заң алдында жауап беруі керек. Сонымен бірге Әмина Абакарова Дағыстан чемпионатына қатысудан бірден шеттетілді. Ол өмір бойына жарыстан шеттетіліп, жұмыстан қуылып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін", - делінген хабарламада.
Ресей шахмат федерациясының президенті де жағдайға қатысты пікір білдірді.
"Ресей шахмат федерациясы дағыстандық шахматшы Әмина Абакарованы құқық қорғау органдарының қорытындысына дейін Ресей шахмат федерациясының қамқорлығымен өтетін барлық жарыстарға қатысуынан уақытша шеттетеді. Оның негізінде түпкілікті шешім қабылданады. Өмір бойына дисквалификация алуы да мүмкін", - делінген мәлімдемеде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2146177-dagystanda-shahmatshy-qyz-qarsylasyn-synappen-ulamaq-boldy-video/