Франциялық жеңіл атлетші қыз Элис Фино Париждегі жазғы Олимпиада ойындарында жігітіне сөз салды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Daily Mail басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
33 жастағы спортшы қыз Олимпиада ойындарында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіру сайысында сынға түсті. Ол мәреге жеткеннен кейін трибунада отырған жігітіне жақындап, тізерлеп үйленуге ұсыныс жасады. Спортшы жүзіктің орнына түйреуішті пайдаланды. Бұған оның сүйіктісі "иә" деп жауап берген.
"Мен белгіленген межені тоғыз минуттан аз уақытта жүгіріп шықсам сүйіктіме сөз саламын деп жоспарладым. Өйткені тоғыз мен үшін бақыт әкелетін сан. Оның үстіне ол екеуіміз тоғыз жылдан бері біргеміз. Маған басқалар істейтін әрекеттерді істеу ұнамайды. Жігітім әлі маған сөз салмағандықтан, мүмкін мұны өзім істеуім керек шығар деген ой туды", - деді Элис Фино.
Финалда Элис Фино жүлде иелене алмады. Ол мәреге төртінші болып жетті. Десе де жеңіл атлет 8 минут 58,67 секунд уақыт көрсеткішін тіркеп, осы дисциплина бойынша еуропалық спортшылар арасында рекорд орнатты.
Еске сала кетсек, қазақстандық спортшы Париж Олимпиадасында сүйіктісіне сөз салғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2146213-sportshy-qyz-olimpiada-oiyndarynda-zhigitine-soz-saldy-video/