Қазақстандық брейкдансер Әмір Зәкіровтің Париж Олимпиадасындағы алғашқы қарсыластары анықталды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ертең, 10 тамызда брейкингтен (көше биі) ерлер арасындағы сайыс басталады. Әмір Зәкіров Олимпиаданы D тобында бастайды. Ол Menno (Нидерланд), Billy (Марокко) және Quake (Қытайдың Тайпейі) лақап атымен белгілі спортшылармен жарысады. Ал қазақстандық брейкдансер халықаралық деңгейде B-boy Amir атымен танылған.
Еске салайық, Әмір Зәкіров Шанхайда және Будапеште өткен Олимпиадаға іріктеу турнирлерінің қорытындысы бойынша 71 ұпай жинап, алтыншы орынға жайғасқан еді. Бұл нәтиже оған Олимпиада жолдамасын жеңіп алуға мүмкіндік берді.
Брейкинг биыл алғаш рет Олимпиада бағдарламасына енді. Осылайша, Зәкіров Олимпиада ойындарында брейкингтен Қазақстан намысын қорғайтын алғашқы спортшы атанып отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2146830-olimpiadada-breikingten-synga-tusetin-tunggysh-qazaqstandyq-sportshynyng-qarsylastary-anyqtaldy/