Париждегі Олимпиадада бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкері Тулкин Киличевтің жүрегі тоқтап қалды. Оның өмірін Ұлыбритания бокс федерациясының дәрігерлер тобының екі мүшесі аман алып қалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ Ұлыбритания бокс федерациясының ресми сайтына сілтеме жасап.
Ұлыбритания бокс федерациясының хабарлауынша, 8 тамыз күні Хасанбой Дусматов жеңіп алған алтын медальді тойлау кезінде бокстан Өзбекстан құрамасының бас бапкерінің кенеттен жүрегі тоқтап қалған. Дәрігер Хардж Сингх пен физиотерапевт Робби Лилис бірінші болып көмекке асығады. Олар дефибриллятордың көмегімен Тулкин Қиличевтің есін жиды.
"Жаттықтырушылар тобы дайындық алаңына оралып, барлығы жеңісті тойлап жатты. Біраз уақыттан кейін бұл аймақтан қуаныштың шуына ұқсамайтын айқайлар шыға бастады. Сөйтсек олар дәрігердің көмегін сұраған екен. Хардж бірінші болып көмек қолын созды. Мен арнайы сөмкемді алып, оның артынан жүгірдім", - деді Робби Лилис.
Робби оқиға орнына 30 секундтан кейін жеткенде әріптесі жаттықтырушыға жасанды тыныс жасап жатыр екен. Кейін ол дефибрилляторды қолдана бастады.
"Алғашында ол мүлде есін жиған жоқ. Бірақ Хардж жүрек массажын жалғастыра бергеннен кейін шамамен 20-30 секундтан кейін кенет есін жиып, көзін ашты", - деді физиотерапевт.
Осыдан кейін Киличев ауруханаға жеткізілген. Қазір жағдайы тұрақталған.
Еске салайық, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиаданың чемпионы Хасанбой Думатов Парижде 51 кг дейінгі салмақ дәрежесінің финалында төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен француз Биллал Беннамды жеңген болатын. Осылайша өзбек боксшысы екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2147409-parizh-2024-bokstan-ozbekstan-quramasynyng-bas-bapkerining-zhuregi-toqtap-qaldy/