Париж Олимпиадасында нысана көздеу спортынан қола медаль жеңіп алған қазақстандық мерген Ислам Сәтбаев жүлдесі үшін сыйлық алмағанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Massaget.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Ислам Парижден келген соң өмірі аса өзгере қоймағанын, келесі Олимпиадаға дайындықты бастап кеткенін сөз етті. Сондай-ақ ол басқа жүлдегерлерге берілгендей қымбат сыйлықтар алмағанына қынжылмайтынын, керісінше, әуежайда халықтың қошеметіне бөленгеніне дән риза екенін жеткізді.
"Әуежайда көп адам күтіп алып, жылы лебізін айтты. Мен – әскери адаммын, Армия орталық спорт клубының қолдауы қатты сезілді. Олар дайындыққа да, құралмен жабдықтауға да көп көмек етті. Ең күшті сый – жақындарымның күтіп алуы. Шыны керек, әлі сыйлық алған жоқпын", - деді спортшы.
Сондай-ақ Ислам Сәтбаев нысана көздеу спорты туралы да айтып берді. Оның сөзінше, бұл спортпен айналысу қымбат тұрады.
"Мысалы, менің спорт киімім Үндістанда жасалған, оның құны – 1700 еуро, яғни 890 мың теңге. Қару тіптен қымбат. 50 метрге бағытталған қару 7-8 мың еуро, 3-4 миллион теңгеге жетеді", - деді ол.
Айта кетейік, Ислам Сәтбаев Париж Олимпиадасында тағы бір қазақстандық мерген Александра Лемен аралас қомандалық жарыста бақ сынап, қола жүлде иеленген еді. Бұл биылғы Олимпиада ойындарында Қазақстан қоржынына түскен алғашқы медаль болды. Қос мерген 7 тамызда елге оралған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2148337-olimpiadanyng-qola-zhuldegeri-islam-satbaev-shyny-kerek-ali-syilyq-algan-zhoqpyn/