Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Демеу Жадыраев спорттағы мансабын аяқтай ма: балуанның өзі жауап берді

Жарияланған күні:

Қазақстандық балуан Демеу Жадыраев
Қазақстандық балуан Демеу Жадыраев. Фото: olympic.kz

Бүгін, 13 тамызда грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев Астанаға келді. Оны елордалықтар әуежайдан күтіп алды. Қазақстандық балуан журналистердің сұрағына жауап берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ тілшісі.

Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Мельниченко Демеу Жадыраевқа спорттағы мансабын аяқтап, тәлімгер немесе қандай да бір спорттық ұйымның басшылығына кетуге кеңес берген еді. Демеу Жадыраев бұл туралы не ойлайтынын айтты.

"Оның бәрін уақыт көрсетеді. Әзірге ештеңе айта алмаймын. Келесі Олимпиадаға қатысу, қатыспауым да алдағы уақыттың еншісінде. Қазір ондайды ойлап жүрген жоқпын", - деді Олимпиада жүлдегері.

Сондай-ақ ол басқа да қазақстандық балуандардың Париж Олимпиадасында жеңіліп қалып, жүлде иелене алмауына қатысты пікір білдірді.

"Олардың бағы жанбады деп ойлаймын. Әйтпесе бәрінің бабы келісіп тұрған. Мықты дайындықпен келді, жоғары нәтиже көрсетуге толық мүмкіндігі бар еді. Бірақ өздеріне кішкене сенімсіздеу болды", - деді Жадыраев.

Бұдан бөлек Демеу Жадыраев Олимпиада финалындағы белдесуден кейін ҰОК президенті Геннадий Головкинмен не туралы сөйлескенін айтты.

"Финалдан шыққан соң артыма қарасам Гена ағамыз тұр екен. Ол мені қолдады, ел қоржынына күміс жүлде салғаным үшін рақмет айтты. "Белдесулердің бәрінде жақсы күрестің" деп жігерлендірді", - деді балуан.

Демеу Жадыраев пен оның бапкері Боранбек Қоңыратовтың тойдағы ерекше қимылының видеосы әлеуметтік желіде тараған еді. Спортшы бұл қимыл би емес, жаттығу екенін айтты.

"Ол ешқандай да би емес. Мен жақсы билей алмаймын. Бұл ағайымның жаттығуы ғой. Жүгірудің орнына пайдаланамыз. Бір орында тұрып жүгіру десе де болады", - деді спортшы.

Еске салайық, Демеу Жадыраев Париж Олимпиадасының финалында жапон балуаны Нао Кусакадан жеңіліп, күміс медаль еншілеген еді. Қазақстандық балуан 10 тамызда елге оралды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2148498-demeu-zhadyraev-sporttagy-mansabyn-aiaqtai-ma-baluannyng-ozi-zhauap-berdi/