Алматы облысында Париждегі Олимпиада ойындарынан оралған спортшыларды жылы қабылдап, ерекше құрмет көрсетілді. Олимпиадада ел намысын қорғаған спортшыларды облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев жеке құттықтап, облыс кәсіпкерлері атынан бағалы сыйлықтар табыс етті, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыс басшысы Алматы облысының барша кәсіпкерлері атынан Олимпиаданың күміс жүлдегері Демеу Жадыраевқа 10 миллион теңгенің сертификаты мен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті.
Қола жүлдегер Назым Қызайбайға да облыс басшысының қолынан бизнес қауымдастығының сыйлықтары: 3 бөлмелі пәтердің кілті мен 2 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді.
Спортшылардың жаттықтырушылары да марапатсыз қалмады: Жұмақан Тұрғанбеков пен Боранбек Қоңыратов өңірлік кәсіпкерлерден 2 миллион теңгенің сертификаты мен екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Сонымен қатар, Алматы облысының әкімі Париждегі Олимпиада ойындарына қатысушыларға кәсіпкерлер атынан 2 миллион теңгенің сертификаттарын табыс етті:
- Эдуард Ещенко (стенд ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Азия ойындары мен әлем кубогының жеңімпазы;
- Әсем Орынбай (стенд ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Азия ойындары мен әлем кубогының жеңімпазы;
- Мария Дмитриенко (стенд ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасының және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы, әлемнің, Азия кубогының және Азия ойындарының екі дүркін қола жүлдегері;
- Никита Чирюкин (ату), Қазақстан Республикасының халықаралық спорт шебері, Қазақстан Республикасының және халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін чемпионы, әлем және Азия чемпионы, Әлем кубогы мен Азия ойындарының қола жүлдегері.
Сондай-ақ өңірдегі спортты дамытуға қосқан үлестері үшін демеушілерге ерекше алғыс білдірілді.
Спортшыларды Қазақстан күрес федерациясының вице-президенті Талғат Біләлдин құттықтады.
"Аймақ кәсіпкерлері халықаралық жарыстарда туған өңірінің намысын қорғап жүрген дарынды спортшыларды қолдауға әрқашан дайын", - деп атап өтті Марат Сұлтанғазиев.
Олимпиадаға қатысушылардың жалпы жүлде қоры 24 миллион теңгені және 4 пәтерді құрады.
"Біз сіздермен мақтанамыз, сіздердің медальдарыңыз - бұл жай ғана спорттық жүлделер емес, олар – батылдықтың, қайсарлықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің нағыз үлгісі. Бұқаралық спортты дамыту және чемпиондарымызды қолдау үшін, алдағы уақытта да спортшыларымызға жаңа жарқын жеңістерге жету үшін біз барлық жағдайды жасайтын боламыз", - деп атап өтті өңір басшысы өзінің құттықтау сөзінде.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2150140-paterler-men-sertifikattar-almaty-oblysynda-olimpiada-zhuldegerlerine-syilyqtar-tabys-etildi/