Франция астанасы Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлері мен қатысушылары елге оралған соң құрмет-қошеметке бөленді. Оларға көлік, пәтер, ақшалай сертификаттар және басқа да сыйлықтар табысталды. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі мемлекеттен және жеке кәсіпкерлерден тарту етілген марапаттардың тізімін жасап шықты.
1. Елдос Сметов , дзюдо, алтын медаль (мемлекеттен 250 000 доллар)
Дзюдодан Қазақстан тарихында тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовке Жамбыл облысының әкімі бес бөлмелі пәтер мен Lexus LX 600 көлігінің кілтін табыстады.
Cондай-ақ спортшыға туған жері Т. Рысқұлов ауданының әкімі Ернар Есіркепов көлік сыйлаған еді. Дегенмен Олимпиада чемпионы ізгілік танытып, көлікті алғашқы бапкері Ахмет Жұмағұлға тарту етті. Бұдан бөлек кәсіпкер Кеңес Рақышев дзюдошыға KIA EV 6 автомобилін мінгізді. Cонымен бірге ақтөбелік кәсіпкер Ануар Маханов 100 жылқы атаған болатын.
Елдос Сметовке берілген ең ерекше сыйлық асфальт болды. Чемпионды күтіп алар алдында ол тұратын көшеге жаңа жол төселді. Жамбыл облысы әкімінің баспасөз хатшысы асфальт демеушілер тарапынан жасалғанын айтты.
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен Елдос Сметов І дәрежелі "Барыс" орденімен марапатталды.
2. Демеу Жадыраев, грек-рим күресі, күміс медаль (мемлекеттен 150 000 доллар)
Демеу Жадыраевқа Алматы облысының әкімі облыстың барша кәсіпкерлері атынан 10 миллион теңгенің сертификаты мен үш бөлмелі пәтердің кілтін табыстады. Спортшының бапкерлері де марапатсыз қалмады. Жұмақан Тұрғанбеков пен Боранбек Қоңыратов өңір кәсіпкерлерінен 2 миллион теңгенің сертификаты мен екі бөлмелі пәтердің кілтін алды.
Сондай-ақ туған жері Панфилов ауданында Жадыраевқа Toyota Land 300 және 50 000 доллар сыйақы және Алматы облысы, Талғар қаласынан 2 бөлмелі пәтердің кілті табыс етілді. Спортшының қос бапкеріне де көлік сыйға берілді.
Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев балуанның анасы Күлипа Бижановаға Жаркент қаласынан жаңа үйдің кілтін табыстады.
Бұдан бөлек Демеу Жадыраев Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша "Парасат" орденімен марапатталды.
3. Нариман Құрбанов, спорттық гимнастика, күміс медаль (мемлекеттен 150 000 доллар)
Cпорттық гимнастикадан ел тарихындағы тұңғыш Олимпиада жүлдегері Нариман Құрбановқа қазақстандық автомобиль компанияларының бірі жаңа Skoda Kodiaq көлігін сыйлады. Сонымен бірге Алматы әкімі Ерболат Досаев гимнастқа екі бөлмелі пәтер, 5 млн теңге сыйақы және Hyundai Santa Fe автомобилінің кілтін табыстады. Әкімдік берген тұрғын үй сертификатымен бірге Нариман Құрбановқа демеушілер есебінен тағы бір пәтер берілді.
Сондай-ақ қазақстандық гимнаст Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша "Парасат" орденімен марапатталды.
4. Нұрбек Оралбай, бокс, күміс медаль (мемлекеттен 150 000 доллар)
Париж Олимпиадасында бокстан Қазақстан ерлер құрамасынан жалғыз өзі финалға дейін жеткен Нұрбек Оралбайға демеушілердің есебінен Land Rover Defender автокөлігінің кілті, ал жаттықтырушысы Асқар Еркебаевқа 10 млн теңгенің сертификаты табысталды.
Нұрбек Оралбайдың туған жері Жамбыл облысының жұрты Олимпиада жүлдегеріне Hyundai Sonata көлігін мінгізді. Танымал блогер NNN отандық кәсіпкерлермен біріге отырып боксшыға Zeekr автомобилін сыйлады. Сонымен қатар бизнесмендер Нұрбектің сыңары Айбек Оралбайды да сыйсыз қалдырмаған. Олар спортшыға 5 млн теңгелік сертификатты тарту етті.
Бұдан бөлек Димаш Құдайбергеннің ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар боксшыға қымбат тон кигізді.
Сондай-ақ мемлекет басшысының жарлығымен Нұрбек Оралбай "Парасат" орденімен марапатталды.
5. Ғұсман Қырғызбаев, дзюдо, қола медаль (мемлекеттен 75 000 доллар)
Дзюдо федерациясы атынан Ғұсман Қырғызбаевқа әуежайда Toyota Land Cruiser 250 автокөлігі сыйға тартылды. Сондай-ақ кәсіпкер Кеңес Рақышев дзюдошыға KIA EV 6 автомобилін мінгізді.
Ал Алматы әкімі бір бөлмелі пәтер, Hyundai Tucson темір тұлпарын және 4 млн теңгенің сертификатын табыстады. Сонымен бірге спортшыға жерлестері, Түркістан облысы Диxанкөл ауылының тұрғындары сәйгүлік мінгізді.
Ғұсман Қырғызбаев Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша "Парасат" орденімен марапатталды.
6. Назым Қызайбай, бокс, қола медаль (мемлекеттен 75 000 доллар)
Алматы облысы әкімінің қолынан Назым Қызайбай 3 бөлмелі пәтердің кілті мен 2 миллион теңгенің сертификатын алды. Бұдан бөлек боксшыға Алматы әкімі бір бөлмелі пәтер, Zeekr X электромобилін және 4 млн теңгенің сертификатын табыстады.
Назым Қызайбай мемлекет басшысының жарлығымен "Құрмет" орденімен марапатталды. Сондай-ақ Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Амангелді Шабдарбаев боксшыға арнайы орден тақты.
7. Ислам Сәтбаев пен Александра Ле, нысана көздеу, қола медаль (мемлекеттен 75 000 доллар)
Париж Олимпиадасында ел қоржынына алғашқы медальді салған қос қазақстандық мергеннің әрқайсына Алматы әкімі Ерболат Досаев бір бөлмелі пәтер және 4 млн теңге сыйға тартты. Ислам Сәтбаев қала басшысының қолынан Hyundai Tucson көлігіні кілтін алса, Александра Ле Zeekr X электромобилі тарту етілді.
8. Әбиба Әбужақынова, дзюдо, бесінші орын (мемлекеттен 10 000 доллар)
Әбиба Әбужақынова Парижден оралғалы үш көлікті сыйға алды. "Республика" партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаров KIA Ceed мінгізсе, Атырау облысының әкімі Zeekr 001 көлігін кілтін табыстады. Кейін "Жеңіс" дзюдо клубының президенті BMW X3 темір тұлпарын сыйлады.
9. Кирилл Герасименко, үстел теннисі, тоғызыншы орын
Қазақстан үстел теннисі федерациясының өкілдері Кирилл Герасименкоға Астанадан екі бөлмелі пәтер сыйлады. Кирилл Париж Олимпиадасында ерлер арасындағы жекелей сында тоғызыншы орын алған. Қазақстандық теннисшілер бұрын мұндай жоғары нәтиже көрсетпегені атап өтілген болатын.
10. Эсмигүл Куюлова, дзюдо, алғашқы белдесуінде жеңілді
Париж Олимпиадасынан жүлдесіз оралған Эсмигүл Куюловаға Атырау облысының әкімі Zeekr автокөлігінің кілтін табыстады.
Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде жеңіп алып, жалпы есепте 43-орынға тұрақтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2153758-asfalt-kolik-pater-qazaqstanda-parizh-olimpiadasynyng-zhuldegerlerine-berilgen-syilyqtar-tizimi/