Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ең тәуір сыйлық осы болды": әкімдік арбадағы әлем чемпионына бокал сыйлағаны рас па

Жарияланған күні:

Зарина Примакқа сыйлық табысталды
Зарина Примакқа сыйлық табысталды. Фото: instagram.com/jarma_audanynyn_akimdigi

Абай облысы Жарма ауданы Шар қаласының тұрғыны Зарина Примак пара қол күресінен жеті дүркін әлем чемпионы атанды. Осыдан кейін аудан әкімінің орынбасары мен "Жастар ресурстық орталығының" директоры спортшының үйіне арнайы барып құттықтаған. Алайда олардың жеті дүркін әлем чемпионына бокал жиынтығы мен алғыс хат ғана табыстағаны желіде қызу талқыға түсті. Оқиғаның мән-жайын "Жастар ресурстық орталығының" директоры түсіндіріп берді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Зарина Примакқа сыйлық табысталғаны туралы ақпарат Жарма ауданы әкімдігінің Instagram желісіндегі ресми парақшасында жарияланып, кейін өшірілді. Шар қалалық "Жастар ресурстық орталығының" директоры Рауан Кәкімжанұлы оқиғаның мән-жайын айтып берді.

"26 тамызда бізге, "Жастар ресурстық орталығына" Кенжехан деген Шар қаласының тұрғыны келді. Ол өзін бочча ойынының бапкері және Шар қаласының мүгедектер қауымдастығының мүшесімін деп атайды. Заңды тіркелген бе жоқ па білмедім. Ол Зарина Примак чемпион болып келгенін және сол кісіні құттықтап жеке бару керек екенін айтты. Мен келісіп, алғыс хат жаздым. Сыйлық жағынан бізде не бар дейсіз. Доп, скакалка, фен, шәйнек деген сыйлықтар ғой. Оның ішінде ең тәуір дегені бокал жинағы екен. Соны құшақтай салып шығып кеттім. Сосын чемпионның үйіне бардық.

Сол кезде аудан әкімінің орынбасарлары өрт болған үйлерді аралап жүр екен. Олар бізге қосылып бірге бардық. Біз енді өзіміздің сыйлығымыз бен алғыс хатымызды ұсындық. Мен сол жерде алғыс хатты оқып бердім, сыйлығымызды беріп, ортақ фотоға түстік. Кейін бұл әлеуметтік желіге шыққан екен. Желі қолданушылары бұл сыйлықты бүкіл үш орган бірігіп апарды деп ойлапты. Не деген арзан сыйлық, ұят деп жазып жатыр. Бірақ ол біздің, яғни "Жастар ресурстық орталығының" атынан берілген сыйлық пен алғыс хат. Бізде бұдан артық ештеңе жоқ, бұдан артық ештеңе бере алмаймыз", - деді Рауан Кәкімжанұлы.

Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жағдайды қызу талқылап, берілген сыйлықты "ұят" деп атады.

"Ұят-ай. Бүйтіп стакан беріп ұятқа қалғанша дым бермей ақ қойғандарың дұрыс еді ғой", "Қарабет ұят не деп беріп жатыр екен", "Әлем чемпионына бокал сыйлаған ба? Сөзім жоқ", "Оның жүзінен әкімдікке "риза" екені көрініп тұр", - деп жазды оқырмандар.

Айта кетейік, Зарина Примак 16-25 тамыз аралығында Молдованың Кишинёв қаласында өткен пара қол күресінен әлем біріншілігінде алтын медаль жеңіп алып, жеті дүркін әлем чемпионы атанды.

Ескерту: Сайттағы эксклюзив материалдарды көшіріп басу үшін редакцияның жазбаша рұқсатын (editor@corp.nur.kz электронды поштасы арқылы) алу керек! Сондай-ақ материалдың бірінші не екінші сөйлемінде KAZ.NUR.KZ порталына гиперсілтеме беру міндетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2153988-eng-tauir-syilyq-osy-boldy-akimdik-arbadagy-alem-chempionyna-bokal-syilagany-ras-pa/