Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Мені қатты қорқытты": Нариман Құрбанов финал қарсаңында көңіл күйі қандай болғанын айтты

Жарияланған күні:

Нариман Құрбанов
Нариман Құрбанов. Фото: LIONEL BONAVENTURE/AFP via Getty Images

Париж Олимпиадасында күміс жүлде еншілеген қазақстандық гимнастшы Нариман Құрбанов финалдық бәсеке қарсаңындағы көңіл күйінің қандай болғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Нариман Құрбанов Париж Олимпиадасының финалы қарсаңында қатты қобалжығанын айтты.

"Олимпиада алдында мені қатты қорқытты. Айналамдағы жанның бәрі Олимпиада рухының жоғары екенін, мұндағы қысым мен жауапкершіліктің салмағы ауыр екенін айтумен болды. Осыны естіп алған соң, мен де қобалжи бастадым. Ал шын мәнінде мен мұндай қысымды сезбедім. Әдеттегідей ортаға шығып, қолымды көтердім де, жаттығуды бастап кеттім. Келесі аптада да айтарлықтай сезімге ерік бергенім жоқ. Басқа спортшылар айтқандай, дәл осы сәттен, Олимпиада атмосферасынан ләззат алып, өзімнің финалға шыққаныма риза болдым", - деді Нариман Құрбанов.

Қазақстандық гимнастшы Нариман Құрбанов ат снаряды жаттығуының ең күрделі тұсын еске алды.

"Жаттығудың ең соңғы бөлігі – аттан секіріп түсетін сәт мен үшін қашан да қиын соғатын. Мен үнемі, жүйелі түрде осы жерден қателестім. Тіпті, Олимпиадаға іріктеу турнирлерінде де дұрыс орындамадым. Доха мен Бакуде өткен әлем кубогі кезеңдерінде де қате жібердім. Әсіресе психологиялық жағынан бірдеңе дұрыс болмайтын. Мысалы жаттығуды тым жақсы орындап келе жатамын да, ішімнен бір үрей пайда болып, қорқа бастаймын. Қолым ырқыма көнбей қояды немесе мен бар қиындықты көрсетпей, жаттығуды аяқтай саламын. Олимпиаданың финалы болатын күні де таңғы жаттығу кезінде мен осы аттан секіріп түсетін сәтті орындай алмай-ақ қойдым. Ал финалда бар күшімді жинадым, басқа ойдан ада болдым. Бәрін бастан аяқ орындадым. 

Финалда мен әлемнің кіл мықтыларымен кездестім. Ирландиялық Риз Макланнаген психологиясы өте берік спортшы. Америкалық Стефан Недорошик қалың жанкүйер алдында өнер көрсетуден қорықпайтын адам. Өйткені Америка чемпионатының өзі Олимпиададан кем емес. Сондықтан, мен өзімді жақсы қарсылас болдым деп есептеймін", - деді Нариман Құрбанов.

Айта кетейік, спорттық гимнастикадан Париж Олимпиадасының финалдық кезеңінде Нариман Құрбанов ат снаряды жаттығуында 15,433 ұпай жинап, екінші орын алды. Алтын жүлдені ирландиялық Рис МакЛенаган (15,533) жеңіп алса, қола медальді америкалық Стивен Недорошик (15,300) еншіледі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2154511-meni-qatty-qorqytty-nariman-qurbanov-final-qarsangynda-kongil-kuii-qandai-bolganyn-aitty/