Қазақстандық ақын, блогер Бек Шмат Өзбекстанның Олимпиада ойындарындағы жетістігіне арнап ән шығарған еді. Бұл ән Өзбекстанның тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шарада шырқалды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Бек Шмат Өзбекстанның Олимпиададағы жетістігіне арнап шығарған өлеңі айтулы мерекеде қосылып, қошеметке ие болды. Бұл туралы Бек Instagram желісіндегі ресми парақшасында жазды.
"Бір минуттық еңбегімді бір елдің тәуелсіздік мейрамында сахнада шырқатқан барша Өзбекстан халқына, президенті Шавкат Мирзиёевке алғысым шексіз. Мерекелеріңіз құтты болсын", - деді Бек Шмат.
Айта кетейік, Франция астанасы Парижде өткен жазғы Олимпиадаға өзбекстандық 90 спортшы қатысқан еді. Олар 19 спорт түрінен сынға түсіп, 8 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлде жеңіп алды. Бұл көрсеткішпен Өзбекстан құрамасы жалпы есепте 13-орынға тұрақтады. Осылайша, Орталық Азия мен ТМД елдері арасында Париж Олимпиадасының медаль саны бойынша көш бастады. Ал Қазақстан құрамасы 1 алтын 3 күміс, 3 қола жүлдемен жалпы есепте 43-орынға табан тіреген еді.
Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында Өзбекстан 5 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль иеленіп үлгерді. Ал Қазақстан қоржынында әзірге 1 күміс жүлде бар.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2155863-qazaq-aqynynyng-arnauy-ozbekstannyng-tauelsizdik-kuninde-shyrqaldy-video/