Қазақстандық пара жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали Париж Паралимпиадасының финалында SB13 санатында 100 метрге брасс әдісімен жүзуден сынға түсіп, күміс жүлде еншіледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Ақтық сында 8 спортшы бақ сынады. Нұрдәулет Жұмағали мәреге екінші болып жетті. Оның уақыт көрсеткіші – 1:04:83 секунд. Бұл Паралимпиада рекорды ретінде тіркелді.
Айта кетейік, Нұрдәулет Жұмағали іріктеу кезеңінде белгіленген межені 1 минут 05,11 секундта жүзіп өтіп, мәреге бірінші келді. Сондай-ақ оның көрсеткіші Азия рекорды ретінде есептелген болатын.
Нұрдәулет Жұмағали 100 метрге брасс әдісімен жүзуден Токио-2020 Олимпиадасында қола жүлде жеңіп алған еді. Сонымен бірге соңғы Азиадада жеңіске жетіп, екі рет әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде 5 жүлде бар. Осыған дейін пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев және пара дзюдодан Ақмарал Науатбек алтын жүлдені қоржынға салса, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов күміс, пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола жүлде жеңіп алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2157892-aziia-rekordyn-ornatqan-qazaqstandyq-sportshy-paralimpiadanyng-kumis-zhuldegeri-atandy/